Сотқа барудың қажеті жоқ: дәрігер мен пациенттің құқығын қорғайтын заң қабылданды

© пресс-служба управления здравоохранения Павлодарской областиСанкт-Петербургские врачи провели мастер-класс для хирургов Павлодара
Санкт-Петербургские врачи провели мастер-класс для хирургов Павлодара - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.01.2024
Жазылу
Дәрігердің қатесінен денсаулығына зиян келген науқас сотқа бармай-ақ сақтандыру төлемін ала алады
АСТАНА, 24 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігі сақтандырылады. Парламент мәжілісі кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасында медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру нормасы көзделген. Ол үшін әрбір медициналық ұйым сақтандыру компаниясымен шарт жасасады.
Бұл ретте дауларды сотқа дейін шешу тетігі енгізіледі. Науқастың өмірі мен денсаулығына дәрігердің қатесінен зиян келсе, сол медициналық мекемеде тәуелсіз сараптама комиссиясы құрылып, пациенттің арызын қарайды. Оның қорытындысы пациентке сақтандыру төлемін жасауға негіз болады.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл норма дәрігерлер мен пациенттерді қолдауға бағытталған.
"Енді әрбір медициналық ұйымның деңгейінде тәуелсіз сарапшылар комиссиясы құрылады. Яғни қандай да бір медициналық ұйымда пациенттің денсаулығына нұқсан келтірілсе, науқас сол жерде өтініш жазады. Тәуелсіз комиссия өтініш бойынша тиісті шешім шығарады. Комиссияның шешімі дереу сақтандыру компаниясына жіберіліп, сақтандыру компаниясы жаңағы науқастың шотына ақшаны аударады", деп түсіндірді депутат мәжіліс кулуарында.
Осы орайда Аймағамбетов қандай жағдайда науқасқа сақтандыру төлемі төленбейтінін түсіндірді.
"Бізде "медициналық инцидент" деген түсінік бар. Қарапайым мысал келтірсек, бір азамат бүйрегін ауыстыратын болса, донор табады, оның барлығы хаттамаға сай өтеді. Бірақ бүйрек физикалық ерекшеліктерге байланысты қабылданбайды. Бұл жерде, әрине, дәрігердің кінәсі жоқ. Яғни бұл жерде дәрігерлердің жауапкершілігі де, сақтандыру мәселесі де жоқ. Егер осы мәселе бойынша науқасқа залал келтірілсе, бұл жерде ешқандай сақтандыру төлемі төленбейді", – деді мәжілісмен.
Ал егер мысалы дәрігер ота кезінде науқастың ішінде "салфетка" ұмытып кетсе, біріншіден, бұл қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Екіншіден, денсаулығына зиян келген пациентке сақтандыру компаниясынан бірден төлем төленеді. Яғни пациент қылмыстық істің аяқталғанын екі-үш жыл күтіп жүрмейді, деп жалғастырды сөзін Аймағамбетов.
Сақтандыру төлемінің мөлшері келтірілген зиянның дәрежесіне байланысты болады: қайтыс болған жағдайда – 3000 АЕК; мүгедектікті белгілеу: бірінші топ – 800 АЕК, екінші топ – 600 АЕК, үшінші топ – 500 АЕК; мүгедек балаға – 500 АЕК; мүгедектік анықталмағанда – 300 АЕК.
Сондай-ақ пациенттің денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне немесе сотқа шағымдану құқығы сақталады.
Жаңалықтар
0