Смайылов Алматыдағы жер сілкінісі туралы: сиренаны уақытында қосу керек еді

© Sputnik / Санат ИмангалиевАлихан Смаилов
Алихан Смаилов - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.01.2024
Жазылу
Үкімет басшысы сейсмоқауіпті өңірлерде оқу-жаттығуларды жиі өткізіп тұру қажет деп санайды
АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов Алматыда жер сілкінісі кезінде дабыл жүйесі іске қосылмағандықтан, тұрғындар арасында дүрбелең туғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Премьер жер сілкінісінен адамдар зардап шеккенін атап өтті.
"Уақытылы ақпарат пен нақты іс-қимылдың жоқтығынан адамдар байбалам салды. Олар 2-ші, 3-ші қабаттан секіріп, ойланбай әрекет етудің салдарынан зардап шекті. Бұл хабарландыру жүйесін уақытылы іске қосып, халыққа мүмкіндігінше ертерек хабарлау және хабарламалар жіберу қажет екенін көрсетеді", – деді Смайылов үкімет отырысында.
Оның айтуынша, мұндай жағдайда азаматтардың не істеу керектігін нақты хабарлау қажет.
Смайыловтың пікірінше, барлық сейсмикалық қауіпті аймақта оқу-жаттығуларды жиі өткізіп тұру керек.
"Халық практика жүзінде іс-қимыл алгоритмін білуі керек", – деді үкімет басшысы.
Смайылов өңір әкімдіктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осындай төтенше жағдайларды жою және алдын алу жөніндегі іс-қимыл жоспарларын түзетуді тапсырды.
Сондай-ақ ол жедел әрекет ету үшін жақын арада азаматтық қорғаныс күштері мен басқару органдарының басшылары және жауапты тұлғаларының кезекшілігін енгізу қажет екенін айтты.
"Бұл тіршілікті қамтамасыз ететін барлық ұйымға қатысты. Ол үшін сейсмикалық қауіпті өңірлерде азаматтық қорғау жүйесін жоғары дайындыққа көшіру қажет", – деді премьер.
Бұдан бөлек денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы әкімдігі зардап шеккендерді емдеуді қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды.
"ТЖМ қызметтері жағдайды тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Қажетті қызметтер, соның ішінде жер сілкінісінің эпицентрі орналасқан көрші мемлекеттер арасында нақты өзара іс-қимылды жолға қою керек", – деді ол.
Еске сала кетейік, төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты "СТӘК" ЖШС-ның сейсмикалық стансалар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінісін тіркеді. Жер сілкінісі Алматыда 5 балл деңгейінде сезілді.
Алматылықтардың айтуынша, жерасты дүмпуі осы жолы қатты сезілді. Үйлері ұзақ уақыт бойы шайқалған. Тұрығындар үрейленіп, үйлерін тастап, далаға шығып кеткен.
Бұған дейін Алматы қалалық төтенше жағдайлар депаратментінің басшысы Нұрлан Атығаев түнгі жер сілкінісі кезінде сиреналар неге қосылмағанын түсіндірген еді.
Оның айтуынша, жер сілкінісін анықтайтын станциялар 5,5 балдық дүмпулерді тіркеген кезде ғана электр сиреналар іске қосылады. Осы жолы дабыл қағылған жоқ. Әйтпесе, халық қатты дүрлігіп кететін еді. Ал жер сілкінісінің күші 5 балл шамасында болды.
Сирена - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.01.2024
Алматыда дабыл неге қағылмады – ТЖД себебін түсіндірді
Жаңалықтар
0