Арықтататын дәрі ішкен маңғыстаулық әйелдің жүрегі тоқтап қалды

© Sputnik / Владислав ВодневТаблетки, медикаменты, лекарства
Таблетки, медикаменты, лекарства - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.01.2024
Жазылу
30 жастағы науқастың жүрегі 5 минутқа тоқтап қалған
АЛМАТЫ, 19 қаңтар – Sputnik. Маңғыстаулық кардиохирург-дәрігерлер арықтататын дәрі ішіп, жүрегі тоқтап қалған науқасты аман алып қалды, деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
30 жастағы науқастың жүрегі 5 минутқа тоқтап қалған. Ол желтоқсан айында жедел жүрек жетіспеушілігі диагнозымен аурухананың қабылдау бөліміне өте ауыр жағдайда түскен. Артериалдық қан қысымы күрт төмендеп, науқаста кардиогенді шок болған. Дәрігерлер жедел түрде ультра-дыбыстық зерттеуден өткізіп, жүректің жиырылу қабілеті төмендегенін анықтады.
"Ата-анасының айтуынша, науқас арықтатуға арналған дәрі ішкен. Соның салдары жүрекке әсер етті деген тұжырымға келдік. Себебі арықтататын дәрінің құрамында "сибутрамин" деген зиянды зат бар. Бұл дәрі жүрек-қан тамыр жүйесінің әлсіздігіне алып келеді. Науқастың қан қысымы қалыпқа келмеген соң жедел түрде жасанды жүрек-өкпе (ЭКМО) құрылғысына қостық. Осылайша, жүрекке қосымша сүйемелдеу арқылы көмек беріп, қан қысымын 70-ке дейін көтердік”, - дейді кардиохирург-дәрігер Әбунасыр Суханов.
Науқас ЭКМО (жасанды жүрек-өкпе) құрылғысымен 1 апта жүрген. Нәтижесінде жүректің фракциясы өсіп, қан қысымы да көтерілді. Науқас оянған соң ЭКМО және өкпені жасанды желдету аппаратынан да ажыратылды. Қазір науқастың жағдайы жақсы.
"Қызыма шұғыл түрде күрделі ота жасалды. Барлығы сәтті болды. Мұның бәрі – дәрігерлердің шеберлігі мен біліктілігі және халыққа қызмет көрсетудің жоғары деңгейі деп есептеймін. Бұл операцияның барлығы тегін жасалды. Жүрегі тоқтап қалған қызымды өлімнен арашалап қалды. Аурухана басшылығы мен барлық дәрігерлерге алғысым шексіз", - деді Ақтау қаласының тұрғыны, науқастың ата-анасы Мейрамгул Кенжебаева.
Ведомствоның айтуынша, мұндай шұғыл операция медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында, ал жоспарлы операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жүргізіледі.
Жаңалықтар
0