Елімізде жылу желілерін бақылау күшейтіледі

Отопление
Отопление - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.01.2024
Жазылу
Энергияны көп қажет ететін ірі өнеркәсіптік жобаларды қолдау үшін инвестициялық тариф қолданылады
АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. Елімізде жылу желілерін бақылау функциялары әкімдіктерден энергетика министрлігінің комитетіне өтеді. Бұл туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, жылу энергетикасы саласындағы мәселелерді реттеу үшін министрлік "Жылу энергетикасы туралы" жеке салалық заң әзірледі. Заң жобасында Кәсіпкерлік кодекстен электр және жылу энергетикасы саласындағы бақылау жүргізу тәртібін алып тастау арқылы бақылау функцияларын күшейту туралы нормалар көзделген.
"Сондай-ақ, жылу желілеріндегі бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдардан Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне ауысады. Бұдан басқа, елді мекендердің мастер-жоспарларын әзірлеу, энергия тиімділігін арттыруды ынталандыру, таза технологияларды қолдану арқылы жоспарлау тетіктерін жетілдіру есебінен саланы реформалау жоспарланып отыр", - деді Сәтқалиев үкімет отырысында.
Сондай-ақ бүкіл саланы мониторингтеу және бақылау үшін энергетиканың цифрлық платформасы құрылады. Бұл қажетті шараларды әзірлеу мақсатында шоғырландырылған ақпарат жинауға және саланы талдауға мүмкіндік береді.
"Осы жоба тарифтік реттеудің нақты және толық қағидаттарын және өлшемшарттарын белгілейді. Ал жылу энергиясына реттелетін тарифтер, атап айтқанда, тарифтік әдіснаманы жетілдіру, экономикалық негізделген тарифті қамтамасыз ету, инвестиция тарту мүмкіндігі соған сәйкес келуі тиіс", - деді ведомство басшысы.
Бұған қоса, жылу энергиясына тарифтерді экономикалық негізделген деңгейге келтіру және халық арасында әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында халықтың осал топтарын тікелей бюджеттік қолдау тетігі қарастырылады.
Сонымен қатар, жаңа станциялар салу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру үшін стратегиялық инвесторды айқындау тетігі көзделген.
Энергияны көп қажет ететін ірі өнеркәсіптік жобаларды қолдау үшін инвестициялық тариф қолданылады.
Сондай-ақ, заң жобасында жылу энергетикасы саласындағы саясат бойынша құзыреттер мен жауапкершілікті қайта бөлу көзделеді. Энергетика министрлігіне жылу энергиясын өндіру және тасымалдау саласындағы басшылық функциясы беріледі, деп атап өтті Сәтқалиев.
Жаңалықтар
0