Қоғам

Былтыр 21,3 мыңнан аса этникалық қазақ елге оралды

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.01.2024
Жазылу
Тәуелсіздік алғаннан бері республикаға 1 миллионнан астам қандас оралды
АСТАНА, 15 қаңтар – Sputnik. 2023 жылы 21 325 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Өткен жылы Қазақстанға қандастардың жартысы (50,3%) Өзбекстаннан, 21,5% – Қытайдан, 10,2% – Моңғолиядан, 9,2% – Түрікменстаннан, 6,8% – Ресейден және 2% басқа елдерден келген.
2024 жылғы 1 қантардағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,2%, еңбекке қабілетті жастан кіші 30,9% және зейнеткерлер 8,9%-ті құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,3%-і – жоғары білімді, 32,4%-і – орта кәсіби білімді, 44,3%-і – жалпы орта білімді, және 8,3%-інің білімі жоқ.
"Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды", - делінген хабарламада.
Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 337 қандас көшірілді, бұл 2023 жылға бекітілген квотаға сәйкес келеді, деп атап өтті министрлік.
Осы өңірлерге көшіп барған қандастарға субсидия түрінде мемлекеттік қолдау ұсынылады: отағасына және отбасының әрбір мүшесіне біржолғы 70 АЕК (2023 жылы – 241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (2023 жылы – 51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін).
2023 жылы 2126 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 735 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 2126 адам біржолғы субсидия алды, ал 694 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.
Сонымен қатар баспана сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй құнының 50%-і немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейінгі мөлшерде көмек көрсетіледі.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы "бір терезе" қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба аясында елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда этникалық қазақтардан жаңа форматта 6 203 өтініш қабылданды.
Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 128,3 мың этникалық қазақ оралды.
Жаңалықтар
0