"Жабайылық анайылыққа жол ашады": депутат қоғамның мәдениетін сынға алды

© Sputnik/Ертай СарбасовВ Туркестане начался I межпарламентский форум
В Туркестане начался I межпарламентский форум - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.01.2024
Жазылу
Депутаттың ойынша, бүгінде "отбасындағы тәрбие далада қалды"
АСТАНА, 11 қаңтар – Sputnik. Сенатор Нұртөре Жүсіп үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, халықтың мәдениетін көтеру қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенатор қазақтың "қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді" деген сөзін еске алып, Астанада өткен тәжік жәрмеңкесін мысалға келтірді. Жаңа жылдың алдында болған жағдай да желіде кеңінен тарап кетті.
"Былтыр Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп, жағамызды ұстаған едік. Дәл жаңа жылдың алдында шоколад шыршасын бір минутта тайпап кеткендерді де көрдік. Осы видеолар қазір халықаралық пабликтерде мыңдаған қаралым жинап жатыр. Сонда біздің мәдени деңгейіміз, жеткен жеріміз осы ма? Халықты аш дейін десеңіз, аш емес, тоқ дейін десеңіз, тобырлық деңгейі мынау. Бүгінгідей тоқшылық заманда осыншама тоғышарлыққа бой алдыратындай күйге неге түстік? Ең алдымен тәрбие", - деді Жүсіп сенаттың жалпы отырысында.
Депутаттың ойынша, бүгінде "отбасындағы тәрбие далада қалды". "Біреудің затын алма", "тегін болса да, тиіспе" деген ежелгі тыйымдар жоқ.
"Ақ көйлектің жағасы кірлесе, жуып кетіруге болады, ал ұлттың атына кір келсе, қалай кетіреміз? Тәрбиемен қатар мәдениет дұрыс болуы керек. Абайша айтсақ, "мәдениетсіз дүние бос", - деп атап көрсетті сенатор.
Осы орайда Нұртөре Жүсіп тәуелсіздік алғалы бері қолға алынған бірнеше бағдарламаны еске алды. Олар - "Мәдени мұра" мен "Рухани жаңғыру". Бірақ онымен тоқтап қалмау керек. "Әділетті Қазақстанның" құндылықтар жүйесін жасау маңызды.
"Жас ұрпақ тәрбиесі мен мәдени деңгейімізді көтеру мәселесіне мұқият көңіл бөлмесек болмайды. Жабайылық анайылыққа жол ашады. Сондықтан жалпы халықтың, әсіресе, жастардың құндылық бағдарларын тереңдетіп, жұртты еңбекқорлыққа, ізденіске, ілім-білімге бет бұруға, әсіресе, отбасы тәрбиесі мен мәдени тәрбиеге барынша күш салу керек", - дейді Нұртөре Жүсіп.
Депутат үкіметтен осы мәселеге қатысты тұжырымдамалық ұсыныстарды әзірлеуді сұрады.
Жаңалықтар
0