Әлеуметтік сақтандыру төлемдері өсті – ақшаны есептеу тәртібі

© Sputnik / Владислав ВодневМедицинское страхование
Медицинское страхование - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.01.2024
Жазылу
Бүгінде жұмыссыз адам ретінде тіркелу үшін электронды үкімет порталын пайдалануға болады
АСТАНА, 9 қаңтар – Sputnik. Жаңа жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін екі төлемнің мөлшері артты. Атап айтқанда, еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылуына байланысты жасалатын төлемдер 7 процентке өсіп отыр. Sputnik Қазақстан әлеуметтік төлемді есептеу тәртібін ұсынады.

Екі төлемді қалай есептейді

Еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем денсаулықтың жағдайына қарай, яғни, мүгедектіктің дәрежесі бойынша тағайыналады. Оны медициналық-әлеуметтік сараптама анықтайды. Алайда уақыт өте келе, төлем алған адамның денсаулығы дұрысталса, я болмаса, нашарласа, әлеуметтік төлемнің мөлшері өзгереді.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдерді есептеудің арнайы формуласы бар. Еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда жәрдемақыны мөлшері былай есептеледі.
Төлемнің сомасы = (соңғы екі жылдағы табыстың мөлшері минус ең төменгі жалақының 55 проценті) × кірісті ауыстыру коэффиценті (0,6) × еңбекке қабілеттіліктен айырылу коэффиценті × әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу мерзімі
Мәселен, еңбекке қабілеттілігінен айырылған адамның соңғы екі жылда орташа жалақысы – 175 000 теңге. Одан ең төменгі жалақының 55 процентін алып тастаймыз. Биыл осы көрсеткіш 85 000 теңгеге өсті. Оның 55 проценті 46 750 теңге болады.
175 000 теңге - 46 750 теңге = 128 250 теңге.
Оны кірісті ауыстыру коэффицентіне (еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда 0,6-ке) көбейтеміз.
128 250 теңге × 0,6 = 76 950 теңге.
Осы соманы еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффицентіне (адам 30 процентке еңбек қабілеттілігінен айырылған жағдайда 0,3-ке) көбейтеміз.
76 950 теңге × 0,3 = 23 085 теңге.
Бұны тағы әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу коэффицентіне (жарналар екі жыл бойы үздіксіз аударылған жағдайда 0,85-ке) көбейтеді.
23 085 теңге × 0,85 = 19 622 теңге;
Биылғы 7 проценттік өсімді ескерсек, 21 000 теңгедей шығады. Дәл осы соманы ай сайын төлеп тұрады.
Асыраушысынан айырылуына байланысты жасалатын төлем де арнайы формуламен есептеледі. Мәселен, адамның соңғы екі жылда орташа жалақысы 200 000 теңге болса, үш баласына ай сайын 66 000 теңге төленіп тұрады.

Қордан тағы қандай төлемдер беріледі

Бүгінде жұмыс істейтін қазақстандықтар алатын жалақының 3,5 проценті мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылып отырады. Оны жұмыс беруші өз ақшасынан төлейді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру заңнамасына сәйкес, адам жұмысынан айырылып қалса, қордың есебінен бес әлеуметтік төлем жасалады.
Олар:
асыраушысынан айырылған жағдайда;
жүктілік және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірістен айырылған жағдайда;
жұмысынан айырылған жағдайда;
бала күтіміне байланысты кірістен айырылған жағдайда;
еңбекке ету қабілетінен айырылған жағдайда.
Әрқайсысында соңғы екі жылдың ішінде жасалған әлеуметтік аударымдар ескеріледі. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдер үшін зейнетақы жарналарын ұстап қалады.

Әлеуметтік төлем қанша уақыт төленеді

Заң бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемдер зейнет жасына дейін аударылып тұрады. Бірақ медициналық сараптама төлем алып жүрген адамның белгілі бір уақыттан кейін еңбекке қабілетті деп таныса, сақтандыру қорынан аударылатын төлемдер тоқтатылады. Ал асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін төлемдер балалар 18 жасқа толғанға дейін аударылады. Жоғары оқу орнына түссе, тағы ұзартылады.
Сол сияқты жұмыссыз адамдарға міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы екі жылдағы табысына байланысты болады. Бірақ жоғалған кірістің 40 процентінен кем болмауы тиіс. Мысалы, жұмыссыз қалған адамның жалақысы 150 мың теңге, ал сақтандыру қорына аударымдар 10 жыл бойы жасалса, онда оған жұмыссыз адам ретінде ай сайын 66 000 теңгеге дейін әлеуметтік төлем жасалады.

Төлем алу үшін не істеу керек

Бүгінде жұмыссыз адам ретінде тіркелу үшін электронды үкімет порталын пайдалануға болады.
eGov.kz порталында авторизация жасау;
"Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдау;
онлайн қызметке тапсырыс беріп, барлық бағанды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет.
Бұдан бөлек, жұмыспен қамту орталығына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тіркеуге тұруға мүмкіндік бар.
Жаңалықтар
0