"Миссияларын өз деңгейінде атқарып жүрген жоқ": президент зиялы қауым өкілдерін сынға алды
10:51 03.01.2024 (жаңартылды: 10:52 03.01.2024)
© Sputnik / Павел Бедняков / Медиабанкке өтуПрезидент Республики Казахстан Касым-Жомарт Токаев на заседании Совета глав государств-участников СНГ в узком составе в государственной резиденции "Ала-Арча" в Киргизии

© Sputnik / Павел Бедняков
/ Жазылу
Президенттің ойынша, бүгінде біз болмашы нәрселерге баса назар аударып, ұсақ-түйекті талқылауға бүкіл күш-қуатымызды сарп етеміз.
АСТАНА, 3 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір зиялы қауым өкілдерінің ұсақ әңгімеден аса алмайтынын ашық айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Президенттің ойынша, бүгінде біз болмашы нәрселерге баса назар аударып, ұсақ-түйекті талқылауға бүкіл күш-қуатымызды сарп етеміз. Одан да сорақысы, әлдекімдердің жалған сөзіне еріп, арамтер боламыз.
"Баяғыда ұлы халық болғанбыз деп масаттанып немесе бұрынғы өкпе-реніштерді қоздатып, қызылкеңірдек болып айтысудың қажеті қанша?! Бұлай ескілікке бой ұруға әсте болмайды. Әлбетте, тарих – біздің жалпыұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі. Сондықтан мемлекет дәл қазір бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Алайда біздің бұрын кім болғанымыздан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әлдеқайда маңызды", - деді Тоқаев "Egemen Qazaqstan" газетіне берген сұхбатында.
Мемлекет басшысы өткенді аңсаумен өмір сүрмеу керектігін ерекше атап өтті. Дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз қажет. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануы, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруы тиіс. Сондай-ақ өмірге деген байсалды және байыпты көзқарас басым болғаны жөн.
"Ашығын айтайын, өзін "ұлттың қаймағымыз" деп санайтын кейбір зиялы қауым өкілдері осы миссиясын өз деңгейінде атқарып жүрген жоқ. Олар ұлтқа үлгі-өнеге көрсетудің орнына, ұсақ-түйек әңгімелерді қоздатудан, әдеттегідей "біздің халық аса данышпан" деп қайталай беруден немесе қара басының қамын күйттеп, билікке "жағдайымды жасамады" деп өкпе артудан аса алмай отыр. Осылайша, ұлттық идеологияның даму жолында жалғандыққа жол беріледі", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Біз озық ойлы ұлт ретінде халықты ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруы тиіс. Ал нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар – еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік.
"Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз", - дейді президент.