2024 жылы қазақстандықтарды қандай маңызды оқиғалар күтіп тұр

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.01.2024
Жазылу
Париждегі жазғы Олимпиада, Көшпенділер ойыны, "Евровидение" музыкалық байқауы, халықаралық ұйымдардың саммиті – 2024 жылға осы және өзге де іс-шаралар жоспарланған
Ұлу жылы мәдени, саяси, спорттық шаралардан кенде емес. 2024 жылы әлемде және Қазақстанда қандай маңызды оқиғалар болатынын толығырақ Sputnik материалынан оқыңыз.

Жазғы Олимпиада

Ұлу жылы барша әлем назары Париждегі Олимпиада ойындарына ауады. Франция астанасында 26 шілде мен 11 тамыз XXXIII жазғы Олимпиада өтеді.
Дүбірлі додада 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Сайыста 206 ұлттық олимпиада комитетінің командалары мен босқындар құрамасы бақ сынайды деп жоспарланып отыр.
2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына брейкинг (көше биі) енгізілді. Осылайша алдағы жылы барлығы 32 спортшы тарихтағы алғашқы олимпиада медальдарына таласады.
Спорттық жарыстардың көпшілігі Париж аумағында ұйымдастырылады. Шараға 35 спорт нысаны жұмылдырылады, оның 14-і Олимпиада ауылынан ондаған шақырым жерде орналасқан.
Жазғы ойындардың тұмары ретінде Француз Республикасының символы саналатын фригия қалпағы таңдалып отыр. Ол француз халқы үшін бостандықты білдіреді. Қалпақ қызыл түске боялған. Париж-2024 логотипі бейнеленген.
Сондай-ақ 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Парижде Паралимпиада ойындары өтеді.
Садақ атудан Қазақстан құрамасы олимпиада жолдамасына ие болды - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.11.2023
Спорт
Садақ атудан Қазақстан құрамасы олимпиада жолдамасына ие болды
Бұған дейін Халықаралық олимпиада комитеті Қазақстанға Париж ойындарына қатысуға ресми шақырту жолдаған болатын. Сонымен қатар қазақстандық төреші Алуа Бектұрова да жазғы Олимпиадаға шақырту алды. Отандасымыз көркем гимнастикадан өтетін сайыстарда төрелік етеді.
Айта кетері, 2024 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге Будапешт (Венгрия), Гамбург (Германия), Лос-Анджелес (АҚШ), Париж (Франция), Рим (Италия) үміткер болды. Алайда таңдау Франция астанасына түсті.
Франция осымен үшінші рет жазғы Олимпиаданы қабылдайды. Ойындар алғаш рет Парижде 1900 жылы, ал екінші рет тура жүз жыл бұрын – 1924 жылы өткен еді.

Жасөспірімдер Олимпиадасы

Алдағы жылы спорт сүйер қауымды тағы бір дүбірлі дода күтіп тұр.
19 қаңтар мен 2 ақпан күндері Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында жасөспірімдер арасында IV қысқы Олимпиада өтеді. Бұл Азия құрлығында ұйымдастырылатын алғашқы қысқы жасөспірімдер ойындары.
Қысқы ойындарда жас спортшылар 15 спорт түрінен бақ сынайды. Бағдарламаға хоккей, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, биатлон, конькимен жүгіру спорты, керлинг, фристайл, тау-шаңғы спорты, бобслей, скелетон, шана спорты, сноуборд, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы және шорт-трек кірген.
81 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Тартысты бәсекеге әлемнің 70 елінен 1900-ге жуық атлет қатысады деп күтілуде.

Евровидение-2024

"Евровидение" музыкалық байқауы швед әншісі Лориннің биылғы жеңісінен кейін Швецияда өтеді. Мәдени іс-шараны осымен үшінші рет Мальме қаласы қабылдайды.
Жартылай финалдар 7 және 9 мамырға, ал финал 11 мамырға жоспарланған.
Жуырда Еуропа хабар тарату одағы "Евровидение-2024" байқауына 37 ел қатысатынын жариялады. 31 жылға созылған үзілістен кейін Люксембург конкурсқа қайта оралып отыр.
Айта кетері, халықаралық байқау Швеция корольдігінде алты рет өтті.

ТМД басшыларының кездесуі

2024 жылы 8 қазанда Мәскеуде ТМД басшылары кезекті рет бас қосады.
Келесі жылдың қаңтарынан бастап достастыққа төрағалық Қырғызстаннан Ресейге өтеді. Ресей президенті Владимир Путин 2024 жылға жоспарланған бағдарлама мазмұнды және 150-ден астам іс-шараны қамтитынын атап өтті.
ТМД жарғысына сәйкес, Мемлекет басшыларының кеңесі – Достастықтың жоғары органы. Жыл ішінде кеңестің бір кезекті және бір бейресми отырысы өтеді. Бейресми отырыс ТМД-ға мүше мемлекеттердің бірінің бастамасымен шақырылады. Кеңестің кезектен тыс отырыстары да дәл осылай шақырылуы мүмкін.

G20 саммиті

Келесі жылы "Үлкен жиырмалықтың" 19-шы кездесуі Рио-де-Жанейро қаласында өтеді. Бразилия билігі шараны қыркүйекке жоспарлап отыр.
Биыл бірлестікке төрағалық Үндістаннан Бразилияға өткен еді. Осы жылы "Үлкен жиырмалыққа" 1 миллиард адам тұратын Африка одағы қосылды.
G20 немесе Үлкен жиырмалық – әлемдегі экономикасы ең мықты дамыған және тез дамып келе жатқан елдердің клубы. Оған Австралия, Аргентина, АҚШ, Бразилия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка Республикасы, Индонезия, Италия, Канада, Қытай, Мексика, Ресей, Сауд Арабиясы, Түркия, Франция, Ұлыбритания, Үндістан және Еуропалық одақ кіреді.

Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті

Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммиті 2024 жылы Қырғызстанда өтеді.
Биыл күзде Қазақстан Өзбекстаннан ұйымға төрағалықты ресми түрде қабылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтып, Қазақстанның 2024 жылы ұйымға төрағалығы "Түркі дәуірі!", яғни "TURKTIME!" ұранымен өтетінін мәлімдеді.
Яғни Қазақстан салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) атты сегіз мәселеге басымдық береді.
Айта кетері, Түркі мемлекеттері ұйымының құрамына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Оның жұмысын бақылаушы ретінде Түрікменстан мен Венгрия қатысады.

БРИКС

Ұлу жылы БРИКС мемлекет басшылары қазан айында Казань қаласында кездеседі. 2024 жылы бірлестікке Ресей төрағалық етеді.
БРИКС – 2006 жылы маусымда құрылған мемлекетаралық бірлестік, бес мемлекет – Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африканың одағы.
Сондай-ақ Аргентина, Египет, Иран, БАӘ, Сауд Арабиясы және Эфиопия 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бірлестікке қосылуға шақырту алды.

Өңіраралық ынтымақтастық форумы

Қазақстан мен Ресейдің жыл сайынғы өңіраралық ынтымақтастық форумы осы жолы Уфа қаласында өтеді.
Форум 2003 жылдан бері екі ел қалаларында жыл сайын кезек-кезек ұйымдастырылып келеді.
Өңіраралық өзара іс-қимылдың негізі – сауда-экономикалық ынтымақтастық. Екі ел арасындағы экономикалық қатынастар жылдан жылға күшейіп келеді. Шекаралас облыстар арасындағы сауда-саттық та айтарлықтай жанданды.

Қазақстан өткізетін саммиттер мен спорттық сайыстар

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны
2024 жылы Қазақстан астанасында бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны жоспарланып отыр. Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар 8-14 қыркүйек аралығында өтеді.
Болжам бойынша байрақты бәсекеге 100-ден аса елден 4 мыңға жуық адам қатысады. Қазіргі таңда 73 мемлекет қатысуға ниет білдірген.
Көшпенділер ойындарында ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, садақ ату, жамбы ату, арқан тарту сынды ұлттық және халықтық ойындардың 20 түрінен жарыс өтеді. Бұған қоса ресми бағдарламадан тыс, ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім сайыстары белгіленген.
Ойындардың ашылу салтанаты "Астана-Арена" стадионында, жабылуы "Қазанат" ипподромында өтпек. Қазір "Қазанат" ипподромында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Толық іске қосылғанда ипподром 10 мың көрерменді қабылдай алады. "Астана-Арена" мен "Алау" мұз айдыны" сарайында да жөндеу жұмыстары басталды.
Көшпенділер ойындарының идеясын толық ашу үшін еліміздің барлық өңірінде "Бірлік керуені" жобасы жүзеге асырылады. "Қазанат" ипподромы аумағында "Көшпенділер әлемі" атауымен этноауыл құрылады. Этноауылда апта бойы Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді. Ақындар айтысы мен төл мәдениетімізді паш ететін басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Этноауылды бір күнде 30 мың көрерменнің аралауына жағдай жасалады.
Мемлекет басшысы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжановты қабылдады - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.02.2023
Тоқаев Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды
"Қазанат" ипподромы мен "Көшпенділер әлемі" этноауылында ат жарыс, көкпар, саятшылық өнері мен садақ ату жарыстары өтеді. Ал Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен "Алау" мұз айдынында ұлттық күрес түрлері мен халық ойындары, "Думан" қонақ үй кешенінде инттелектуалдық ойындар сайысын өткізу жоспарда бар.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұраны – "Ұлы дала дүбірі".
Логотип формасы – сопақшаға жақын шеңбер. Онда күнбасты салт атты бейнеленген. Логотиптің жалпы пішіні көшпенділер қолдан жасаған тұрмыстық бұйымның сәндік элементтеріне ұқсайды. Логотип қою қызыл түспен боялған. Бұл ақық тастың түсі қан мен отты, жүрек пен күнді еске салады әрі адам бойына қуат береді деген сеніммен ұштасады. Ақық таспен ежелде қамшы, белбеу іспетті бұйымдар әрленген. Ойын атауы мыңжылдықтың басында түркі руналарында қолданылған түпнұсқа шрифтпен жазылған.
Туризм және спорт министрлігі көшпенділер ойыны кезінде Астанаға 100 мыңнан аса турист келеді деп болжап отыр.
Боксшы қыздар бақ сынайды
Ұлу жылы спорт жанкүйерлері әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатын тамашалай алады. Бұрымдылар Астанада сынға түседі.
Бұл жолғы біріншіліктің жүлде қоры ұлғайған. Бірінші орын үшін 200 мың доллар беріледі, ал жалпы жүлде қоры 4,8 млн долларды құрайды. Бұл сомаға бас бапкерлерге тиесілі 10% те кіреді.
Естеріңізге сала кетейік, әйелдер арасында бокстан әлем чемпионаты елордада 2016 жылы өткен болатын.
Самбодан әлем чемпионаты
Сонымен қатар, 2024 жылы қарашада Астанада самбодан әлем чемпионаты өтеді.
Биыл күзде Ереванда самбодан 48-ші әлем чемпионаты мәресіне жетті. Жарысқа 65 ел қатысты. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 5 қоламен үшінші орынға табан тіреді.
Жалпыкомандалық есепте бірінші орын Ресейге бұйырды. Көрші елдің қоржынына 13 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль түскен. Ал екінші орынды Өзбекстан алды: 2 алтын, 1 күміс және 3 қола.
ШЫҰ саммиті
2024 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары Астанада кездеседі.
Сондай-ақ алдағы жылы елордада ШЫҰ-ның Цифрлық форумын өткізу жоспарланып отыр. Мұндай бастаманы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды.
"Қазақстан Цифрлық хаб ретінде ШЫҰ кеңістігінде өз қызметін ұсынады. Сондықтан 2024 жылы ШЫҰ-ның Цифрлық форумын Астанада өткізу маңызды деп санаймын. Осы ретте аталған жиынды технопарктер мен инновациялық кластерлер пулының Басқарушы комиссиясының бірінші отырысымен біріктіруге болады", – деді Қазақстан президенті.
ШЫҰ – 2001 жылы негізі қаланған халықаралық ұйым. Оған Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Үндістан, Пәкістан және Өзбекстан мүше.
Сондай-ақ 2021 жылы күзде Беларусь пен Иранды ұйымға қосу процедурасы басталған болатын.
ҰҚШҰ саммиті
Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының кезекті саммиті де Астанада өтеді деп күтілуде.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалық ету міндеті Қазақстанға өтеді. Президент ұйым аясында ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі нығайтуға еліміз елеулі үлес қосуға дайын екенін жеткізді.
ҰҚШҰ-ға алты мемлекет – Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан кіреді.
Улитка - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.11.2023
Дерекқор
2024 жыл: Ұлу жылы қандай болады
Жаңалықтар
0