Қоғам

150 рет дабылды ескерту жарияланған: Смайылов тапсырма берді

© Photo : Пресс-служба аэропорта АстаныАстана әуежайы
Астана әуежайы - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.01.2024
Жазылу
Қолайсыз ауа райы кезінде жолаушыларды тасымалдау үшін іс-қимыл алгоритмін әзірлеу жоспарланып отыр
АСТАНА, 3 қаңтар – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен қолжетімді көлік қатынасын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Үкіметтің ақпаратынша, 29-31 желтоқсан аралығында Астанада қалың қар мен бораннан 100-ден астам рейс кешіктірілген. Қажетті шараларды қабылдау үшін әуежай, авиакомпания және метеорологиялық қызмет өкілдерінің қатысуымен жедел штаб жұмыс істеді.
Жолаушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, қажет болған жағдайда медициналық қызмет көрсетілді, олардың бір бөлігі (балалар, қарттар, мүгедектігі бар адамдар) қонақ үйлерге орналастырылды, балаларға аниматорлардың қатысуымен жаңа жылдық сыйлықтар мен тәтті таратылды.
Бұл ретте әуекомпаниялар 29 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында кешіктірілген және тоқтатылған рейстерге билеттер құнын 100% қайтарады.
Көлік министрі Марат Қарабаев қазіргі уақытта барлық әуежай штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын айтты. Әуе кемелерін қабылдауға және шығаруға ешқандай шектеу жоқ.
Алдағы уақытта рейстердің ұзақ мерзімді кешігу қаупін азайту үшін әуе компаниялар мен әуежайлар арасындағы үйлестіру күшейтіледі. Атап айтқанда, күрделі метеожағдайларда жолаушыларды тасымалдау үшін іс-қимыл алгоритмін әзірлеу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, әуежайларды арнайы техникамен және құрал-жабдықтармен қосымша жарақтандыру, сондай-ақ жолаушыларға хабарлама таратуды күшейту мәселелері пысықталады.
Сондай-ақ 28 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында 13 облыста 107 қысқа мерзімді жол қозғалысына шектеу қойылды.
Мереке күндері жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жоғары сұранысқа ие пойыздарда орын саны ұлғайтылды. 12 бағыт бойынша қосымша 296 тіркеме вагон жіберілді. Астана – Алматы – Астана және Астана – Шымкент – Астана бағыттары бойынша қосымша пойыздар жұмыс істеп жатыр. Астана – Көкшетау, Астана – Бурабай, Астана – Атбасар және Павлодар – Астана бағыттары бойынша 6 қосымша қала маңындағы пойыз іске қосылды.
Премьер-министр 25 желтоқсаннан бастап Қазақстанның барлық өңірінде ауа райы күрт бұзылғанын атап өтті. Ауа райына байланысты 150-ге жуық ескерту жарияланып, көлік жолдарында қозғалыс тоқтады және шектелді.
"Жалпы орталық және жергілікті мемлекеттік органдар үйлесімді жұмыс жүргізді. Сондай-ақ қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жекелеген ведомстволар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту керек", — деді Смайылов.
Үкімет басшысы барлық үйлестіру штабының жұмысын жандандыруды, көлік жолдары мен елді мекендердегі көшелерді қардан тәулік бойы тазартып отыруды, сондай-ақ жолаушыларды жылыту бекеттеріне шұғыл эвакуациялау үшін көлік қорын қалыптастыруды талап етті.
"Көлік министрлігі мен "ҚазАвтоЖол" компаниясы республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдарда қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алуы керек. ТЖМ Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, қолайсыз ауа райы туралы халықты алдын ала хабардар етуі тиіс", — деді премьер.
Сонымен қатар Смайылов шектеулер кезінде көлік қозғалысына жол бермеу жөніндегі жұмысты күшейтуді және қажет болған жағдайда арнайы техниканы күрделі жол учаскелеріне жедел жіберуді тапсырды.
Жаңалықтар
0