Қоғам

Өскемендік оқушы Қазақстан тарихын комикс арқылы танытты

© Photo : 24.kzӨскемендік оқушының комикстер альбомы
Өскемендік оқушының комикстер альбомы - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.12.2023
Жазылу
Оқушы қыз "Батыр Баянды" комикс жанрында сөйлетуге 7 ай жұмсаған
АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik. Өскемендік Асыл Сұңғатқызы қазақ ақын-жазушыларының еңбектерін, ертегі-аңыздарды, ұлы тұлғалар жайлы мәліметтерді суретпен әрлеп, бірнеше кітап шығарды. Қазір ол 3 альбомның авторы, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.
Асыл Сұңғатқызы "сананы сандық технология билеген заманда әдебиеттен сусындаудың бір жолы – комикс" деп санайды. Сондықтан тарихқа құмар қаршадай қыз үлкен шығармаларды аядай кітапшаға сыйдырып, суретпен әрлеп, қатарластарына ұсынып келеді. Туындыларды кішкентай оқырмандар қызыға оқитын болған.

"Мен "Батыр Баян" поэмасымен былтыр 8-сыныпта танысқан болатынмын. Өте ауқымды поэма, оны түсініп, меңгеріп, мәнін ұйғарып алу өте қиын, сол себепті, менің ойымша, осылай сурет арқылы оқыған тиімдірек сияқты. Сурет арқылы тез оқылады және тез есте қалады", - дейді оқушы Асыл Сұңғатқызы.

Қылқаламға құштар қыз "Батыр Баянды" комикс жанрында сөйлетуге 7 ай жұмсаған. Осы уақытта анасы қасынан шықпай, үнемі қолдау көрсеткен. Себебі шабыты келгенде Асылдың ұйқы көрмей кететіні бар.
"Асыл суретті түнгі уақытта салады, енді мен ойлаймын, шабыты сондайда келе ме деп, енді ол шабыт келгенге байланысты кейде суреті бірден шығады, кейде сурет бірден шықпай, 1-3 рет салатыны болады. Ондайда, иә, шаршайды, демалдырамыз", - деді анасы Лаура Әбілмажинова.
"Батыр Баянмен" қатар Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың еңбегі де альбомдарға арқау болды. "Ер Төстік" те ерекше сөйледі. Тіпті суретші қыз ұлт зиялыларына арналған ерекше жапсырмалар да шығарған. Асыл әр бейнеге айрықша көңіл бөледі.
"Кейіпкерлердің мінездемесін байқаймыз ғой, сол кейіпкерлерді елестету маған аса қатты қиындық тудырмайды негізінде. Шамалап "наброска" саламын, эскиз ойда жасап аламын, сосын өмірде жасаймын", - дейді комикс авторы.
"Қазіргі заманда шығарма кейіпкерлерін комикс арқылы жеткізу біздің жасөспірімдер арасында ең танымалдыққа ие болған жанр деп айта аламыз. Өйткені өзіміз кітапханада, мына балалар бөлімінде куә болып отырмыз, көбіне осы комикс жанрында салынған кітаптар өте сұранысқа ие", - дейді А.С Пушкин атындағы кітапхананың бөлім басшысы Жансая Әшкенова.
Жеткіншектің таным көкжиегін кеңейте түсу үшін ата-анасы Асылға үнемі тарихи жерлерді аралатуға тырысады. Ұстаздары суретшіге енді Бердібек Соқпақпаевтың, Марат Қабанбаевтың балаларға арналған әңгімелерін комикске айналдыруды ұсынады.
Жаңалықтар
0