Жалпыға бірдей декларация – 2024: нені білу керек

© Sputnik / Владислав ВодневСалық кодексі
Салық кодексі - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.12.2023
Жазылу
Қазақстандағы жалпыға бірдей декларацияның үшінші кезеңі барлық бизнес өкілдері мен олардың жұбайларына қатысты болады
АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталады, ол бизнесмендерді, олардың жұбайларын, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшыларын және жеке кәсіпкерлерді қамтиды. Декларацияда қандай мүлік көрсетілуі керек және талаптарды бұзғандарға қандай шара қолданылатыны туралы Sputnik Қазақстан анықтамасынан біліңіз.

Келесі жылы 250 және 270 салық декларациясын қалай тапсырады

Алдағы жылдың 15 қыркүйегіне дейін барлық кәсіпкер: бизнесмендер мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларация тапсыруға тиіс. Бұл талап жеке кәсіпкерлігі мен заңды тұлғасы өз қызметін тоқтатқан немесе мүлдем жұмыс істемеген жеке кәсіпкерлер мен бизнесмендерге де қатысты.
"Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларация" (250-ші үлгі) кіріс пен пайданы көрсету қажеттілігі туралы емес. 250-нысан жеке тұлғаның иелігіндегі мүліктерді ғана ескереді. Кірістерді есепке алу 2024 жылы қолданысқа енгізілетін 270-ші үлгі бойынша жүргізіледі", - деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитетіндегілер.
Бұл ретте бұрын Қазақстанда мүлік ретінде тіркелген пәтерлерді, қала сыртындағы үйлерді немесе автокөліктерді декларацияға енгізудің қажеті жоқ. Барлық мемлекеттік органмен интеграцияның арқасында Мемлекеттік кірістер комитетінде олар туралы ақпарат бар. Сондықтан қажет болған жағдайда бұл мәліметті алу қиын емес.

Қазақстандықтар декларациясында шетелдік активтерді көрсету керек пе

Егер активтер шетелде болса, декларацияда көрсетілуі қажет активтердің бірнеше түрі бар:
жылжымайтын мүлік, оның ішінде жер учаскелері және үлестік құрылысқа қатысу;
көлік (ұшақтар, яхталар және тағы басқа, егер олар шетелде тіркелген болса);
банктік салымдар, егер олардың жалпы сомасы айлық есептік көрсеткіштен мың есе асатын болса;
Қазақстаннан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі.

Декларацияда қандай активтер қай елде тіркелгеніне қарамастан міндетті түрде көрсетілуі керек

Мемлекеттік кірістер комитеті сондай-ақ бірқатар актив (мүлік) қай елдің аумағында орналасқанына қарамастан декларацияға міндетті түрде енгізілуге тиіс екенін хабарлады.
Оларға мыналар жатады:
тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт;
инвестициялық алтын және бағалы қағаздар;
зияткерлік меншік және авторлық құқық нысандары (кітаптар, әндер, картиналар, патенттелген өнертабыстар және т.б.);
берешекке қатысты нотариуспен куәландырылған құжаттар (келісім, қолхат);
қолма-қол ақша, бұл ретте декларациядағы сома 10 000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспауға тиіс, 2023 жылы шамамен 34 млн 500 мың теңге (қалғанын банк шоттарында сақтау керек);
басқа мүлік.
Мемлекеттік кірістер комитеті "басқа мүлік" ұғымына кез келген нәрсе кіруі мүмкін екенін түсіндірді: қымбат зергерлік бұйымдар, антиквариат жиһаздар, бағасы қымбат заттардың коллекциясы және т.б.
Салық қызметкерлерінің айтуынша, бұл кейіннен құны ресми кірістен асатын қымбат дүние сатып алған жағдайда өмірді айтарлықтай жеңілдетеді: мысалы, азамат құны өз табысынан жоғары мүлікті, мысалы, пәтерді сатып алу үшін бұрын 250-ші үлгіде көрсетілген қандай да бір мүлікті сатқанын құжат түрінде растай алады. Сонда салық қызметкерлері қажетсіз сұрақтар қоймайды.
Мұндай активтерді декларациялаудан бұрын оларды 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша бағалау маңызды. Бағалау нәтижесі бойынша мәліметтер салық органдарына 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін ұсынылуға тиіс декларацияға енгізіледі.

250 және 270-ші декларацияларды онлайн және қағаз түрінде тапсыруға болады

Мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлері декларацияны екі жолмен, яғни электронды және қағаз түрінде тапсыруға болатынын айтты. Қағаз нұсқадағы декларация тіркелген жері бойынша салық органында тікелей тапсырылады.
Міндетті декларациялау Қазақстанда тұрақты негізде болатын, тұруға ықтиярхаты бар және жеке кәсіпкер ретінде тіркелген шетелдік азаматтарға және олардың жұбайларына да қатысты. Бұл талап Қазақстанға жай жұмыс визасымен келген шетелдіктерге қолданылмайды.
250-ші үлгі декларацияның өзін және әрқайсысы активті белгілейтін алты қосымшаны қамтиды. Егер мұндай актив бар болса, оларды толтыру керек. Егер ол жоқ болса, бланк бос тапсырылады.

2024 жылы декларация тапсырмағандарға қандай айыппұл салынады

Мемлекеттік кірістер комитеті салық қызметкерлері 250-ші үлгіде азаматтар көрсеткен деректерге ешқандай тексеру жүргізбейтініне де назар аударды. Бірақ декларация мүлдем тапсырылмаса, әкімшілік жауапкершілік туындайды: бастапқыда ескерту жасалады, ал егер ол бір жыл ішінде ұсынылмаса, 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Жаңалықтар
0