Астанада қалың қар түсті: әкімдік мәлімдеме жасады
09:25 19.12.2023 (жаңартылды: 09:27 19.12.2023)

© Photo : Пресс-служба акима Астаны
Жазылу
Қыс басталғалы полигонға 100 мың текше метрден астам қар шығарылған
АСТАНА, 19 желтоқсан – Sputnik. Астанада көшелерді қардан тазартуға 2300-ден астам жұмысшы мен 1400-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.
Қар тазалау жұмыстары кеше түннен, яғни қар жауған сәттен бастап жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
"Қар тазалау жұмысы күшейтілген режимде, кешкі және түнгі уақытта, сондай-ақ маршруттарды белгілеу арқылы жүргізіледі. Бірінші кезекте, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы қарқынды учаскелер тазартылады. Ары қарай қозғалысы орташа қарқынды учаскелер – алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар, тротуарлар тазартылады", - делінген хабарламада.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, сол сияқты жарықтандыру қосылған.
Қыс басталғалы және жауын-шашын жауғаннан бері қар полигондарына 100 мың текше метрден астам қар шығарылды және 6600-ден астам рейс жасалған.
Әкімдік қала тұрғындары мен қонақтарын көшеде жүргенде өте мұқият болуға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.


