Ұлттық банк мөлшерлемені 2024 жылы 10%-ға, 2025 жылы 7-8%-ға дейін төмендетуі мүмкін

© Sputnik / Владислав ВодневНациональный банк Казахстана
Национальный банк Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.12.2023
Жазылу
Еуразиялық даму банкінің болжамы бойынша, Қазақстандағы инфляция баяулауын жалғастырады
АСТАНА, 14 желтоқсан – Sputnik. Еуразиялық даму банкі Қазақстан Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесін 2024 жылдың соңына қарай 10%, ал 2025 жылы 7-8% құрайды деп болжап отыр, деп хабарлайды РИА Новости ЕАДБ Мемлекеттерге талдау орталығының аға сарапшысы Айгүл Бердіғұловаға сілтеме жасап.
"2024 жылдың соңында базалық мөлшерлеме 10%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Орта мерзімді келешекте ақша-несие саясаты инфляцияны межелі көрсеткішке жақын ұстап тұруға бағытталады. Тұтынушылардың сұранысынан инфляциялық қысым әлсірегеннен кейін базалық мөлшерлеме 2025 жылдың соңында 7-8%-ке дейін төмендеуі мүмкін", - деді Бердіғұлова Алматыда өткен брифингте.
Қараша айында Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 16%-дан 15,75%-ға дейін, қазан айында – жылдық 16,5%-дан 16%-ға дейін төмендетті.
ЕАДБ бағалауы бойынша, Қазақстандағы инфляция баяулауды жалғастырады және 2024 жылдың соңына қарай 2023 жылғы 9,8%-дан кейін шамамен 7%-ды құрайды. Бұған қабылданған ақша-несие саясатының шаралары, сыртқы сектор мен ішкі сұраныс тарапынан қысымды жеңілдету ықпал етеді.
Осы жылы республика экономикасы қарқынды өсім көрсетіп отыр, ЖІӨ өсімі 4,8% деңгейінде бағаланды, дейді сарапшы. Экономикалық белсенділікті кеңейтуде инвестиция маңызды рөл атқарды.
"Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елімізге келген тікелей шетелдік инвестиция көлемі екі есеге жуық өсті. Экономиканы қолдауға бағытталған көптеген үкіметтік жаңа бастамалар бар. Оның ішінде 32 триллион теңгені құрайтын 970 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар бар", - деді Бердіғұлова.
ЕАДБ Қазақстанның ЖІӨ өсімі 2024 жылы 5%-ға жетеді деп болжады. Экономиканы әртараптандыру саясаты өңдеу және қызмет көрсету салаларындағы өсу қарқынын арттыруға ықпал етеді. Проценттік мөлшерлеменің болжамды төмендеуі экономикалық өсімге қосымша серпін береді, деді Бердіғұлова.
Жаңалықтар
0