Ресей президенті жылды қорытындылады: Путин тоқталған негізгі мәселелер

© Sputnik / Станислав Красильников / Медиабанкке өту"Прямая линия" и большая пресс-конференция президента РФ В. Путина
Прямая линия и большая пресс-конференция президента РФ В. Путина - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.12.2023
Жазылу
Ол баспасөз мәслихаты барысында алдағы президент сайлауында үміткер ретінде қатысатынан тағы бір мәрте растады
АСТАНА, 14 желтоқсан - Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатын өткізіп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Ресей көшбасшысының жылды қорытындылау жиыны биыл Гостиный тікелей желімен біріктірілген үлкен баспасөз конференциясы форматында өтті.
Ол баспасөз мәслихаты барысында алдағы президент сайлауында үміткер ретінде қатысатынан тағы бір мәрте растады.
"Мен мұны бірнеше рет айттым, қайталасам, артық болмас. Ресей сияқты ел үшін егемендіксіз ел болуы және жай ғана тіршілік етуі мүмкін емес", - деді Путин. Ол өткен аптада өзінің президент сайлауына түсу туралы шешіміне қатысты сұраққа жауап беріп, ел ішіндегі және шетелдегі негізгі міндеттері осылай атады.

Ресей экономикасы жайлы

Владимир Путин Ресей экономикасы өсімінің ең маңызды көрсеткіші – ЖІӨ өсімі, жыл соңында ол 3,5%-ды құрайды деп күтілетінін айтты.
Бұл өткен жылғы құлдыраудың орнын толтырып жатқанын көрсететін жақсы көрсеткіш.
"Кеше ғана қаржы министрі кейбір деректі жариялады. Экономикалық өсімнің ең маңызды көрсеткіші – жалпы ішкі өнімнің өсімі. Жыл соңына дейін бұл 3,5% болады деп күтілуде. Бұл жақсы көрсеткіш. Ендеше біз өткен жылғы құлдырауды қалпына келтірдік. Ол кезде 2,1% деңгейінде болды. Егер биылғы жылы +3,5% болса, бұл біз құлдырауды жеңіп, алға қарай біршама серпінді қадам жасағанымызды білдіреді", - деді Путин.

Арнайы операция және мобилизациялау туралы

Ресей Федерациясының президенті арнайы операция оның мақсатына қол жеткенде аяқталатынын мәлімдеді.
Украина мен Газа секторындағы қазіргі жағдайды салыстыра келе Путин арнайы әскери операция аймағында мұндай қырып-жою жоқ екенін айтты.
"Газа секторында болып жатқан жағдай – апат. Біз қазір Украина дағдарысына қатысты жағдайды айтып отырмыз. Өздеріңіз де және бүкіл әлемдегі адамдар да арнайы әскери операцияға көз салса, одан соң Газада не болып жатқанына көз жүгіртсе, айырмашылықты түсінеді. Украинада мұндай ештеңе жоқ. Мыңдаған бала мен әйелдің өлімі туралы айттыңыз. БҰҰ Бас хатшысы бүгінгі Газа секторын әлемдегі ең үлкен балалар зираты деп атады. Бұл баға көп нәрсені аңғартады, бұл әділ бағалау", - деді ресейлік президент.
Сонымен қатар ол мобилизациялаудың екінші толқынының қажеттілігі жоқ екенін айтты.
Путин сондай-ақ бірінші толқын кезінде әскерге жұмылдырылғандардың еңбегін жоғары бағалап, қазірдің өзінде олардың 14-і Ресей Батыры атанғанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта 244 мың адам қақтығыс аймағында болса, 41 мың адам шекті жасқа жетуіне, денсаулығына және басқа да себептерге байланысты зейнетке шыққан.

АҚШ және Қытаймен қарым-қатынас туралы

Путиннің айтуынша, Қытаймен қарым-қатынас өте тығыз. Биыл тауар айналымы 200 миллиард долларға жетті.
Ол Ресей мен Қытайдың достығы үшінші елге қарсы емес екенін, олар бірлесіп әскери блок құрып жатпағанын айтты.
"Біз әскери, экономикалық, гуманитарлық салада серіктеспіз. Бірақ ешқандай блок құрып жатқан жоқпыз. Біздің достығымыз үшінші елдерге қарсы бағытталмаған. Ол өзіміздің пайдамызға бағытталған", - деді Путин.
АҚШ-пен қарым-қатынас ортнату қажет. Ресей бұған дайын, деді РФ президенті.
"Біз АҚШ-ты әлемдегі маңызды мемлекет деп санаймыз. Алайда империялық саясат олардың өздеріне кедергі келтіріп отыр. Тіпті бізге де емес. Неге? Өйткені қоғамдық санада олар өздерін империя ретінде ұстаулары қажет", - деді ол.
Путиннің пікірінше, егер АҚШ билігі "бір мәселеде басқа тараппен келіссе немесе ымыраға келсе, электорат мұны қандай да бір сәтсіздік немесе олқылық ретінде қабылдайды, сондықтан элита осылай әрекет етуге мәжбүр".
Путин ЕО-мен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру тек Ресейге ғана байланысты емес екенін айтты.
Оның айтуынша, Еуроодақ елдері өздеріне зиян тигізетін шешімдер қабылдап жатыр.

Газадағы жағдай туралы

Ресей Израильдің өтініші бойынша палестина-израильдік қақтығыс аймағында зардап шеккендерге медициналық жабдық пен дәрілік заттарды жеткізу көлемін ұлғайтады.
"Бізде израильдіктермен келісім бар. Олар медициналық жабдық пен дәрілік заттарды ұлғайту жөнінде өтініш жасады. Біз мұны орындаймыз", - деді ол.
Мысыр президенті және Израиль премьерімен РФ-да зардап шеккендерге арналған госпиталь құру жайы талқыланды. Әзірше бұл қауіпті болып отыр, деді Путин.

Рубль мен доллар жайлы

Путиннің айтуынша, валюталық кірістерді реттеу туралы жарлық рубль бағамына әсер етті.
"Валютаға қатысты бұл жағдайды реттеуге арналған жарлық айырбас бағамына ішінара әсер етеді, әрине, өз рөлін атқарды", - деді Ресей президенті.
Оның айтуынша, Ресей доллардан бас тартпайды. Алайда ол есеп айырусада проблемалар туындатты. Сондықтан сыртқы саудада өзге ел валюталарының үлесі артты. Қыркүйекте рубль үлесі 40 процент, юань 33 процент болған. Ал еуро мен доллардың үлесі 24 процентті құраған.

Жұмыртқа бағасының көтерілу себептері туралы

Путин жұмыртқа бағасының көтерілуіне сұраныстың өсуімен, сонымен қатар өндіріс көлемі өспей, импорт уақытында ашылмағанымен байланыстырды.
"Сұраныс өсті, бірақ өндіріс көлемі артпады, бұл біріншіден. Екіншіден, импорт уақытында қажетті көлемде ашылмады. Айтпақшы, қазір Түркиядан қосымша жеткізілімдер ұсынылып жатыр. Экономикалық байланысымыз жақсы дамып келеді. Беларусь те ұсынды", - деді Ресей президенті.
Ол ресейліктерден кешірім сұрап, жұмыртқа бағасына қатысты жағдай жақсарады деп уәде берді.

Ресейлік спортшылар туралы

Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) спортқа қатысты шешімдері батыстық саяси элитаның ықпалында тұр, солардың мүдделерін көздейді, бірақ әлемдік спорт үшін тиімді емес, деді Путин.
"Спортшылардың бұған не қатысы бар? Ешқандай шектеусіз жарысқа барсын. Ресейге қатысты да солай істеу керек. Бірақ олар Батыстың саяси элитасының ықпалында тұр. Бұл солар үшін пайдалы болғанымен, әлемдік спорт үшін қолайсыз шешімдер", - деді Владимир Путин.

Көші-қон саясаты туралы

Ресейде 10 миллионнан астам еңбек мигранты бар. Экономикалық мәселелерді жергілікті халыққа зиян келтіріп шешу дұрыс емес, деді Путин.
"Ең алдымен Ресей Федерациясы азаматтарының мүдделерін басшылыққа алу керек", - деді Ресей көшбасшы.
Путин мәселені жан-жақты қарап, дер кезінде шешімін табатын арнайы орган қажет екенін де жеткізді.
Мигранттардың Ресей Федерациясының заңдары мен дәстүрлерін құрметтеуі маңызды, дегенмен мигранттарға қолайлы жағдай жасау қажет, деп баса айтты Ресей басшысы.

Ресейлік автомобиль өнеркәсібі туралы

Ресейдің автоөнеркәсібі құлдыраған жоқ, деді Ресей президенті.
"Мынаны баса айтқым келеді: біз күйрейді деп ойлағандардың үміті ақталмады деп ойлаймын, ештеңе құлдыраған жоқ", - деді Владимир Путин.
Сонымен қатар, АвтоВАЗ қазір автокөліктерді шығарумен айналысып жатыр, өндірістің артуы өнім бағасының төмендеуіне әкелуі керек.

Ұшақ жасау туралы

Ресей 2030 жылға қарай мыңнан астам ұшақ (оның ішінде МС-21 және Ил-96-400) шығаруды жоспарлап отыр, деп мәлімдеді Путин.
Бұған дейін Ресей Федерациясының ұшақтар паркінде шетелде шығарылған ұшақтар басым болса, қазір жаңа авиациялық қозғалтқыштар жасалып, отандық ұшақтар шығарылып жатыр.
Жаңалықтар
0