Қазақстанда алғаш рет екі науқастың жүрегіне отандық коронарлық стент қойылды

© Sputnik / Варвара Гертье / Медиабанкке өтуОперация
Операция  - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.12.2023
Жазылу
Операциялардың барлығы Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында, сондай-ақ МӘМС жүйесі бойынша науқастарға тегін жасалады
АСТАНА, 14 желтоқсан – Sputnik. Дәрігерлер коронарлық стент имплантациялау кезінде алғаш рет Қазақстанда жасалған стентті қолдана бастады
Жақында Астанада №2 көпбейінді қалалық ауруханада екі науқасқа отандық стент қойылды. Мұндай ота МӘМС аясында тегін жасалады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалына сілтеме жасап хабарлады.
Жүрегіне отандық стент қойылған науқастың бірі – Айша Кәрібайқызы, ол – 68 жаста. Өте ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскен. Онда 5 күн жатқан. №2 көпбейінді қалалық аурухана дәрігерлерінің арқасында түзеліп, науқастың жүрегіне бірінші рет стент орнатылған. Енді емін палатада жалғастыруда.
"Маған жаңа, Қазақстанда жасалған стент қойды. Ешқандай ақы төлеген жоқпын, бәрі МӘМС бойынша. Қазір жағдайым жақсы. Бәріне алғысым шексіз", – дейді 68 жастағы астаналық.
Стент – қан ағымын қалпына келтіретін кішкене түтік. Қан айналымын қамтамасыз ету үшін зақымдалған қан тамырына енгізіледі.
"Біздің аурухана жағдайында Қазақстанда алғаш рет миокард инфаркт болған екі пациентке елімізде жасалған коронарлық стент орнатылды. Айта кету керек, бұл стент сапасы жағынан, өтімділігі жағынан шетелдік брендтерден кем түспейді. Сондай-ақ үлкен сызығы бар, бұл стенттердің мөлшері бойынша біз үшін маңызды", - деді Астанадағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың интервенциялық кардиология және аритмология бөлімінің меңгерушісі Темірбек Жанпайызов.
Коронарлық тамырларды стенттеу аз инвазивті әдіспен емдеу түріне жатады. Қан тамырларының тарылған аймағын кеңейтетін құрылғы орнатылады.
"Ауруханаға түсем дегенше, жағдайым нашарлап қалды.
Бұрын да жүрегіме 2-3 рет стент қойылған болатын. Бұл жолы қазақстандық стент қойдық деді дәрігерлер. Еш айырмашылығын сезбедім. Қазір жақсымын", – дейді жүрегіне отандық стент қойылған екінші науқас Кәрім Жанаспаев.
Айта кетері, 2023 жылдың 10 айында Астана қаласы бойынша 10,3 млрд теңге сомасына 1568 кардиохирургиялық операция жасалған.
Жаңалықтар
0