"Қымбат сыйлықты да көрсету керек": декларация тапсыру тәртібі түсіндірілді

© Sputnik / Михаил Мордасов / Медиабанкке өтуБухгалтерия, калькулятор
Бухгалтерия, калькулятор - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.12.2023
Жазылу
Егер сыйлықтың құны 100 айлық есептік көрсеткіштен, қазіргі кезде 3,5 миллионнан асып тұрса, онда ол декларацияда көрсетіледі
АСТАНА, 13 желтоқсан – Sputnik. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті табыс декларациясын тапсыру тәртібін түсіндірді. Келесі жылдан бастап кәсіпкерлер декларация тапсыруға міндеттеледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстанда екі жыл бұрын жалпыға бірдей декларациялау басталды. Алдымен мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары, одан кейін квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері мен олардың жұбайлары табыс есебін тапсыруға міндеттелді. Ал келесі жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлердің басшылары, сондай-ақ олардың жұбайлары, шамамен 3,9 миллион адам декларация тапсырады.
Жұмыс істемей тұрған және жұмысын тоқтатқан кәсіпкерлер де декларация жіберуі керек.
Декларацияда көрсетілетін мәліметтер:
бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоиндер және т.б.);
үлестік қатысу шарты (тұрғын үйдегі үлес);
инвестициялық алтын (құйма алтын);
зияткерлік меншік және авторлық құқық нысандары;
34,5 млн теңге (10 000 АЕК) шегінде қолма-қол ақша;
31.12.2023 жылға дейін нотариалды куәландырылған басқа тұлғалармен несие шарттары;
құны 3,4 млн теңгеден асатын басқа мүлік (міндетті емес) (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және т.б.);
шетелдік компанияға қатысу үлесі;
шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік;
шет ел банкіндегі 7,3 мың АҚШ долларынан (1000 АЕК) жоғары ақша.
Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директоры Нұржан Қуандықовтың айтуынша, бағалы сыйлықтарды да декларацияда көрсету керек.
"Егер сіздің сыйлықтарыңыз немесе ақысыз алған мүлігіңіздің құны 100 айлық есептік көрсеткіштен, қазіргі кезде 3,5 миллионнан асып тұрса, онда соның бәрін декларацияда көрсету керек. Мұрагерлікке қалған ақшаны да жазып көрсеткен дұрыс. Бірақ сыйлықты жеке тұлға жеке тұлғаға жасаса, салық төлеудің қажеті жоқ", - деді Қуандықов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Айта кетері, 2025 жылдан бастап азаматтардың басқа санаттары (жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және т.б.) табыс декларациясын тапсырады. Осылайша, табыс есебін тапсыратын қазақстандықтардың саны 13 миллионға жетеді.
Жаңалықтар
0