Экспорттан түсетін кірісті молайтуға мүмкіндік беретін заң жобасы мақұлданды

© Sputnik / Санат ИмангалиевЗаседание правительства Казахстана
Заседание правительства Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.12.2023
Жазылу
Заң жобасы президенттің трансферттік баға белгілеу бойынша бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленген
АСТАНА, 13 желтоқсан – Sputnik. Парламент мәжілісі "Кейбір заңнамалық актілерге трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасы президенттің трансферттік баға белгілеу бойынша бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленген.
Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, заң жобасында капиталды шығаруға бақылауды күшейту мақсатында тараптардың өзара байланыстылығын айқындауды кеңейту көзделген. Өйткені кейбір ірі салық төлеушілер жасанды делдалдық құрылымдар құрады.
"Олар өзара байланысты тараптар болып саналмайды да экспортталатын өнімді одан әрі сату кезінде тәуекелдер деңгейі төмен болады. Шикізат өнімдерін сондай "эксклюзивті" трейдерлерге төмендетілген бағамен сату фактілері бар. Бұл ретте ондай трейдерлер бойынша қаржылық есептілікті алу мүмкін емес. Яғни тексерілетін мәмілелер бойынша жеткілікті ақпараттың болмауына байланысты елден капиталды алып кету тәуекелі туындайды. Сондықтан өзара байланысты тараптар ұғымын кеңейту ұсынылады", - деді Жамаубаев мәжілістің жалпы отырысында.
Тағы бір норма – тауар биржаларында жасалған мәмілелердің трансферттік баға белгілеуі бойынша бақылау жүргізу.
Министр қазір трансферттік баға белгілеуге қатысты бақылау еліміздің тауар биржаларында жасалған мәмілелер бойынша жасалмайтынын атап өтті.
"Әдетте ондай мәмілелер нарықтық бағадан төмен бағамен жасалады. Бұл елден капиталды сыртқа шығаруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты заңнан жоғарыда аталған норманы алып тастау ұсынылады", - деді ол.
Сонымен қатар есептілікке қойылатын талаптарды жетілдіру ұсынылып отыр.
Жамаубаевтың айтуынша, қазіргі таңда ірі мәмілелер бойынша жергілікті есептілікті ұсыну міндеті халықаралық топқа қатысушыларға жүктелген.
"Заң жобасымен жергілікті есептілікті ұсыну міндеті өзара байланысты бейрезидент-тұлғалармен мәмілелерді жүзеге асыратын салық төлеушілерге жүктеу ұсынылады. Бұл мәмілелердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді ол.
Бұдан бөлек нарықтық диапазонды айқындау тетігін енгізілмек.
Қазір баға диапазоны мен рентабельділік нарықтық бағалардың минималды және максималды мәндерімен айқындалады. Ал ол нақты бағаларға сәйкес келмеуі мүмкін. Заң жобасында неғұрлым әділ бағаларды белгілеу мақсатында диапазонды тарылту ұсынылды. Бұл халықаралық практикаға сәйкес келеді.
"Осы түзетулер әлемдік және отандық тәжірибені ескере отырып әзірленді. Бұл халықаралық операциялардан мемлекетке түсетін кірістерді ұлғайтуға мүмкіндік береді", -деп түйіндеді сөзін вице-премьер.
Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Жаңалықтар
0