Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолы төрт жолақты болады

© Photo : Пресс-служба акима Кызылординской области Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолының Қызылорда облысындағы бөлігі
Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолының Қызылорда облысындағы бөлігі - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.12.2023
Жазылу
Қызылордадан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі жолдың класын көтеру жоспарлануда
АСТАНА, 12 желтоқсан – Sputnik. Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық тас жолының Қызылорда облысындағы бір бөлігі бірінші санатқа ауыстырылып, екі жолақты жолдан төрт жолақты жолға айналады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа сапарының нәтижесінде аймақ үшін маңызды бірқатар шешім қабылдады. Соның бірі халықаралық автожолдың Қызылордадан Ақтөбе облысына дейінгі бөлігін бірінші санатқа ауыстыру", - деп хабарлады Қызылорда облысының әкімдігі.
Еске салсақ, облыста Қызылорда – Жезқазған тас жолын қайта жаңғырту бойынша да ірі жоба жүзеге асырылуда. Жобаның құны 108 миллиард 500 миллион теңгені құрайтын бұл бағыттың 216 шақырымы Қызылорда облысының аумағы арқылы өтеді. Бүгінгі таңда 104 шақырымға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
"Келесі жылы бағдарды ауыстырудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленеді", - деді баспасөзге Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.
Басқарма басшысы бұл жолдың және Жезқазғанға апаратын жолдың қайта жаңғыртылуы облысымызға ғана емес, көршілес облыстардың да әлеуметтік-экономикалық дамуына игі әсерін тигізеді деп есептейді.
Жуырда Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі жолдарды дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізіп, бірқатар мәліметті жариялады. Оған сәйкес, биылғы жылы жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 37,1 миллиард теңге бөлінді, бұл 603 шақырым жолды, көшелер мен көпірлерді жөндеуге жұмсалатын қаржы. Келер жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында облыс бойынша қаржыландыруға республикалық бюджетке жалпы құны 53 миллиард теңгені құрайтын 84 жоба ұсынылды.
Қызылорда облысындағы автомобиль жолдары желісінің ұзындығы 3418,5 шақырым болса, оның 1014,5 шақырымы республикалық, 555-і облыстық, 1849-ы аудандық маңызы бар жолдар.
Жаңалықтар
0