Дарбаза-Мақтаарал: Қазақстан мен Өзбекстан жаңа теміржолының болашағы қандай

© PhotoАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.12.2023
Жазылу
Орталық Азиядағы екі ірі экономика үшін жаңа теміржол желісі қандай мүмкіндіктерге жол ашады, бұл туралы сарапшылардың пікірі қандай?
АСТАНА, 11 желтоқсан — Sputnik. Қарашаның соңында Түркістан облысында Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол құрылысы басталды. Онда қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу пункті ашылады.
Дарбаза – Мақтаарал желісі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынып жатыр. Жаңа магистраль республиканың көліктік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға серпін береді.
"Темір жол – мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік саласын дамытатын болат артерия. Өткен жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылында 245 млрд тонна-километрден астам жүк тасымалданған болатын. Биыл да жоғары қарқын сақталып тұр",-деп атап өтті Әлихан Смайылов жобаны іске қосу салтанатында.
Үкімет басшысының айтуынша, 2023 жылдың соңына дейін Өзбекстанмен жүк тасымалдау көлемі шамамен 31 млн тонна деңгейін жетеді, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 16%-ке көп.

Жаңа стратегиялық бағыт

2023 жылдың басынан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасында 25,8 млн тонна жүк тасымалданды. Тауарлар жалғыз "Сарыағаш" мемлекетаралық станциясы арқылы экспортталады.
Жаңа жол өткізу пунктіндегі жүктемені азайту үшін салынып жатыр.
"Сарыағаш – Ташкент учаскесіндегі қауырт жағдай қалпына келеді. Мұнда соңғы жылдары жүк көп болды. Сондай-ақ жүк уақтылы жіберілмеді, өйткені бұл жер мұндай жүк ағынына арналмаған. Соңғы екі-үш жылда жүк ағыны күрт өсті. Құрылыстың нәтижесінде осы негізгі учаскенің жүктемесі азайып, жолаушылар пойызы еркін қозғалады", - деп түсіндірді "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов.
Сонымен қатар жоба оңтүстік бағытта экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осы желі арқылы Ауғанстанға, Иранға, Тәжікстанға және Өзбекстанға тауар жылдам жеткізіледі, деп жалғастырды ҚТЖ басшысының орынбасары.
Дарбаза - Мақтаарал желісі Түркістан облысының дамуына ықпал етеді. Жол екі шалғай ауданды – Мақтаарал және Жетісай аудандарын Қазақстанның қалған бөлігімен байланыстыратындықтан, өңір республиканың негізгі теміржол желісіне қосылады.
"9 станция салынады. Темір жол арқылы Қазақстаннан осы аудандарға және осы аудандардан Қазақстанға жүк тікелей жіберіледі. Ал қазір олар Өзбекстанмен шекарадан өтуге мәжбүр. Бұл аудандардың дамуына әсер етеді. Құрылыстан кейін олар жаңа серпін алады", - деді Әлмағамбетов.
Қазіргі уақытта Пәкістан арқылы Үндістанға темір жол құрылысын салу талқыланып жатыр, деп толықтырды ҚТЖ басшысының орынбасары. Ал Дарбаза - Мақтаарал желісін іске қосу Қазақстанның осы стратегиялық маршрутты дамытуға қосқан елеулі үлесі болады.
"Біз жүк ағыны қосымша 10-14 млн тоннаға артады деп болжап отырмыз. Ал болашақта 20-25 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін. Бұл учаске Ташкент торабын айналып өтіп, екі бағытта да жүктерді тезірек тасымалдайды", - деп толықтырды Әлмағамбетов.
Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезекте "Сырдария" станциясына шығатын Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы – Руддаут – Мақтаарал желісі салынады. Содан кейін Жетісай – Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы тармақтары пайдалануға беріледі.
Барлығы 152 км теміржол төселеді. Жоба аясында 3 400 адам екі қолға бір күрек табады. Негізі жұмыстың 85%-і Қазақстанның үлесіне тиесілі.

Сарапшылар не дейді

Бірлескен жобаның басты артықшылығы - сауданы кеңейту, жүк тасымалын жеңілдету, дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.
"Өзбекстан – Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. Қазақстанға көптеген тауар әкелінеді, сол сияқты біз де оларға экспорттаймыз. Қазақстаннан Өзбекстанға транзит өте жоғары және бұл сауданың өсуін күшейтеді. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымын ұлғайтады", - деді сарапшы.
Оның айтуынша, барлық тарап үлкен көлемде сауда жасау үшін жаңа экспорттық жолдар салуға мүдделі.
"Мен жаңа теміржолда жолаушылар ағыны артады деп ойлаймын, сонымен бірге логистика жақсарады. Қазақстанның оңтүстігінде барлық тауар бір шекара пункті арқылы өтетіндіктен жүк ағыны баяулайды. Сондықтан оңтүстік өңірлер үшін жүктерді баламалы бағыттар бойынша жөнелту өте маңызды", - деп есептейді Рысмамбетов.
Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлі көлік-логистикалық әлеует есебінен артып келеді, дейді сарапшы. Сондықтан Қазақстанның негізгі міндеті – елдер арасындағы сауда мен логистиканы жақсарту.
"Менің ойымша, жоба бірнеше жыл ішінде өз жемісін береді. Себебі отандық шағын, орта және ірі бизнес Өзбекстан нарығына қол жеткізе алады. Ал бұл 35 млн адам. Біз көрші болсақ та, елдер арасында логистика нашар: қоймалар аз, шекара өткелдері аз", - деп қосты ол.
Сарапшы тәуекелдердің барын да жасырмады.
"Теміржол өте қымбат болады. Оны қаржылық заң бұзушылықтарға жол бермей құру керек. Естеріңізге сала кетейін, мысалы "Досжан" темір жолының сметасы уақыт өте келе артып келеді, бұдан да басқа мысалдар бар", - дейді спикер.
Сарапшының пікірінше, республика көлік пен логистиканы дамытуға көбірек инвестиция салуы керек.
"Жолдың көп бөлігі Қазақстан аумағында болады және біз осындай құрылысты өзімізге ала аламыз. Көрші елдер арасында мүмкіндігінше көп теміржол салу керек. Біз тарихи көршілер арасында жаңа маршруттар құруымыз керек, олармен сауда жасау бізге тиімді", - деп түйіндеді ол.

Кім қызығушылық танытса сол төлейді?

Өзбекстан мен Қазақстанды байланыстыратын жаңа көліктік маршруттар бірінші кезекте Қазақстанның мүддесі үшін жұмыс істейді, деп мәлімдеді Ma’no (Ташкент қ.) зерттеу бастамалары орталығының директоры Бақтиер Эргашев. Қазақстанға оңтүстік бағытқа шығудың өмірлік мәні бар, дейді ол.
"Ресей мен Беларусь арқылы Еуропаға апаратын жол барған сайын қиындай түсуде - жүк тасымалы дерлік тоқтатылды. Теміржол бар, бірақ олардың да проблемалары бар. Транскаспий бағыты әлі толық пысықталған жоқ. Қытайдың Орталық Азия арқылы Түркияға дейінгі орта дәлізі жұмыс істеуі үшін шешілуі керек техникалық және саяси сипаттағы мәселелер бар", - деп түсіндірді Эргашев.
Қазақстан үшін бұл – сауда жолдарына балама Араб теңізі мен Үнді Мұхитындағы Иран порттарына шығу мүмкіндігі.
"Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы темір жол көлігі маршруттарының өзара байланысын қамтамасыз ету бойынша қазіргі жобалар, әрине, қажет. Қазақстан Парсы шығанағы елдеріне жүктің елеулі көлемін – астықты, азық-түлікті, бұршақ дақылдары, майды экспорттамақшы. Қазақстан араб монархияларында сату үшін халал өнім өндіру мүмкіндігін байыпты қарастыруда, сондықтан мұның бәрі өте маңызды", - деп жалғастырды сарапшы.
Ол сондай-ақ Иран порттары Шығыс Африка нарығына қол жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты. Сарапшының болжамынша, онда қазақстандық азық-түлік сұранысқа ие болады және республиканың көлік саясатын шешуде үлкен мәнге ие.
"2022 жылдың ақпанына дейін астық, азық-түлік және бәрі Қара теңіз порттары арқылы өтті. Қазір оған қатысты проблемалар туындап отыр, сондықтан Үнді мұхитына, Оңтүстік-Шығыс Азияға, Шығыс Африкаға шығатын Оңтүстік порттарға шығу керек", - деп түсіндірді Эргашев.
Сонымен бірге ол Өзбекстан үшін қандай пайдасы барын айтты.
"Жоба тек Қазақстанға ғана тиімді деп айтуға болмайды. Бұл Өзбекстанға да тиімді, ол өзінің көліктік транзиттік әлеуетін жақсы пайдаланады. Жүк Өзбекстан арқылы өтіп, Түрікменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағы порттарына шығады", - деді спикер.
Жүк пен жолаушы тасымалдау қуаты үнемі артып отыруға тиіс, сондықтан жаңа маршруттардың құрылысы өте маңызды, мұны жалғастыру қажет, деді Ергашев.
"Қазақстан көбірек мүдделі болғандықтан, Қазақстан осы жолдың құрылысына көбірек инвестиция салуда. Әр ел өз қаржысына темір және автомобиль жолдарының өз учаскелерін салса да, бұл жерде ерекше реніш немесе түсініспеушілік болмауы керек", - деп қорытындылады Ерғашев.
Қазақстанның Өзбекстан өзара саудасы биыл тоғыз айда 3,3 миллиард долларға жетті.
Қазақстан экспорттайтын тауарлардың қатарында – бидай, легирленбеген болаттан жасалған жартылай фабрикаттар, бидай немесе қара бидай ұны, аралас минералды тыңайтқыштар, күнбағыс майы, кендер мен мыс концентраттары, легирленбеген болаттан жасалған жалпақ прокат, жаңа піскен немесе салқындатылған сиыр еті бар.
Өзбекстаннан импорт 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте 4%-ке, яғни 957,8 млн долларға дейін өсті.
Жаңалықтар
0