Су қоймалары мен көлдердің қожайындары не істеп, не қойып жатқаны белгісіз – депутат

© Sputnik / Юрий Куйдин / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.12.2023
Жазылу
2040 жылға қарай елімізде су тапшылығы 15 млрд текше метрді құрайды деген болжам бар, бұл шамамен Арал теңізіне пара-пар су
АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек елдегі жекеменшікке өтіп, қараусыз қалған су қоймаларын, көлдер мен бөгендерді мемлекетке қайтаруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Базарбек премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында су тапшылығы мәселесін көтерді.
"Әріптестер, дабыл қағатын уақыт келді. Мысалы 2040 жылы елімізде су тапшылығы 15 млрд текше метрді құрайды. Бұл шамамен Арал теңізіне пара-пар су. Ойлап қараңыздаршы, еліміз таза ауыз су ретінде пайдаланатын судың көлемі кемі 50 процентке азаяды. Сонда әрбір екінші менің отандасым ауыз сусыз қалады деген сөз емес пе?! Ал ауыз сусыз адам 3 күн ғана өмір сүретінін білесіздер. Бұл өте қауіпті", - деп бастады сауалын мәжілісмен.
Айтуынша, еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады. Бұл мәселе жыл сайын қайталанса, әлі күнге шешілер емес.
"Табиғаттың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз. Мәселен, Кеңес кезінде әрбір совхоз жауын-шашын мен қар суын жинайтын. Шағын су қоймалары болатын. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Президент су тапшылығы мәселесін дер кезінде көтеріп, арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды. Бірақ бүгінгі үкіметтің салғырт әрі баяу қимылынан жақын арада Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі шешімін таппайтындай көрінеді. Оған бірнеше дәлеліміз бар", - дейді Бақытжан Базарбек.
Мысалы, ресми деректер бойынша, республикада 1 478 гидротехникалық құрылғы бар. Оның ішінде 342 – су қоймасы, 219 – дамба, 119 – су торабы, 313 – тоған. Олардың 333-і республикалық меншікте, 895-і – коммуналдық меншікте, ал 228-і жеке меншікте болса, 22-і иесіз екен.
"Су қоймалары – ең басты стратегиялық нысан. Сондықтан еліміздегі мұндай маңызды су сақтау нысандарының көпшілігі жекелешеленіп кеткені бізді қатты алаңдатады. Су қоймалары мен көлдердің қожайындарының не істеп, не қойып жатқаны белгісіз. Олардың қаншалықты тозығы жетіп тұр, оны нығайту үшін қандай шаралар қолға алынған, ол жағы да беймәлім. Жекеменшік нысан болғаннан кейін оның аумағына ешкім бас сұқпайды. Мемлекеттік бақылаудан да тыс қалуда", - деп алаңдады депутат.
Оның айтуынша, мемлекеттік жер кадастры базасында тіпті табиғи жолмен қалыптасқан көлдер жер телімі ретінде беріліп кеткен. Қожайындары көлдерді қоршап, халықтың наразылығын тудырып жатыр. Бұл жағдай кемінде 5-6 облыста кездеседі.
Сол себепті депутат елдегі осындай нысандарға толықтай түгендеме жасап, жай-күйін нақтылау қажет болса, оларды тез арада мемлекет меншігіне қайтару қажет деп санайды.
"Мысалы, плотиналардың салынғанына 30-40 жылдан асса, онда апат болу қаупі артады екен. Ал бұлардың жай-күйі қандай, қаншасының тозығы жеткен, қаншасына жөндеу жұмыстары қажет деген мәлімет анық емес. Бұл жауапты мемлекеттік мекеме тарапынан бақылау мен мониторингтің әлсіздігін көрсетеді", - деп мәлімдеді Бақытжан Базарбек.
Мәжілісмен сондай-ақ каналдарға да толығырақ тоқталды. Оның дерегінше, елімізде шамамен 3,5 мыңдай магистралдық және шаруашылық каналы бар. Олардың жартысынан астамының әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан 60% су құрдымға кетіп жатыр. Бұл – үлкен шығын.
"Демек бар судың өзін ысырап етіп, дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Нағыз үнемдеу осы жерде. Жалпы каналдардың кімнің иелігінде екені де анық емес. Судың сұрауын сұрайтын кез жетті", - деп есептейді ол.
Мәселенің маңыздылығын ескеріп, Базарбек "AMANAT" партиясы жанынан арнайы комиссия құру қажет деп санайды.
Бұдан бөлек депутат елдегі жекеменшікке өтіп, бірақ қараусыз қалған, жұмыстары үйлестірілмеген су қоймаларын, дамбаларды, көлдерді, бөгендерді және тағы басқа стратегиялық маңызды су нысандарын мемлекет балансына қайтаруды ұсынды.
Депутаттың пікірінше, су саласында заңсыздыққа жол беріп, талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылуға тиіс.
Жаңалықтар
0