Қазақстан Катар және Сингапурмен инвестицияларды өзара қорғауға уағдаласты

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.12.2023
Жазылу
Катар үкіметімен инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісім 2022 жылғы 12 қазанда Астанада жасалды
АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Парламент мәжілісі Катар және Сингапур елдерімен инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімдерді ратификациялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте "Қазақстан үкіметі мен Катар үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" және "Қазақстан үкіметі мен Сингапур Республикасы үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобалары қаралды.
Катар үкіметімен инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісім 2022 жылғы 12 қазанда Астанада жасалды.
Келісімнің мақсаты – инвестициялық қызмет үшін қолайлы жағдай жасау, тікелей шетелдік инвестициялар ағынын ынталандыру және уағдаласушы елдердің экономикалық әл-ауқатын жақсарту.
Келісімнің 3-бабына сәйкес, Қазақстан үкіметі мен Катар үкіметі өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші уағдаласушы тараптың инвесторларын көтермелейді және оларға қолайлы жағдайлар жасайды.
"Кез келген уағдаласушы тараптардың инвесторлары жүзеге асырған инвестициялар әділ және тең құқылы режимді, сондай-ақ екінші уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағында толық қорғалу мен қауіпсіздікті пайдаланады", - делінген заң жобасына берілген қорытындыда.
Келісімнің 4-бабына сәйкес әрбір уағдаласушы тарап өз мемлекетінің аумағында екінші уағдаласушы тараптың инвестициялары мен инвесторларына осындай жағдайларда кез келген үшінші мемлекеттің инвестициялары мен инвесторларына ұсынатын режимнен кем болмайтын қолайлы режимді ұсынады.
Әрбір уағдаласушы тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес экономиканың сезімтал секторларын және (немесе) олармен байланысты кәсіпкерлік қызмет түрлерін белгілеу құқығын да өзіне қалдырады, олар шектелуге немесе алып тасталуға тиіс.
Келісімге сәйкес кез келген дау бейбіт жолмен дау тараптары арасында шешілуге тиіс. Дауды бейбіт жолмен реттеу мүмкін болмаған жағдайда, мүдделі инвестор келісімнің 12-бабы 2-тармағына сәйкес реттеу туралы жазбаша сұрау салынған күннен бастап алты ай ішінде өз қалауы бойынша дауды шешу үшін оны аумағында инвестициялар жүзеге асырылған уағдаласушы тарап мемлекетінің құзыретті сотына немесе халықаралық төрелік мекемелерге бере алады.
Ал Қазақстан үкіметі мен Сингапур үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге 2018 жылғы 21 қарашада қол қойылды.
Келісімнің мақсаты – неғұрлым тығыз екіжақты экономикалық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру және екі мемлекеттің де әл-ауқатын арттыру.
Келісімге сәйкес әрбір тарап:
өзінің ұлттық заңнамасына және жалпы экономикалық саясатына сәйкес өз аумағында инвестицияларды жүзеге асыру үшін екінші тарап мемлекетінің инвесторларын көтермелейді және қолайлы жағдайлар жасайды;
қалыпты халықаралық құқыққа сәйкес екінші тарап мемлекеті инвесторларының инвестицияларына әділ және тең құқықтық режим, толық қорғау мен қауіпсіздікті ұсынады.
Келісімде екі мемлекеттің инвесторлары үшін ұлттық режим және барынша қолайлы режим айқындалған, залалдар үшін өтемақы және аударымдарды жүзеге асыру шарттары, төлем балансын қорғау және суброгация үшін шектеулер белгіленді.
Сондай-ақ келісімде тараптар инвесторлардың инвестицияларын мемлекет меншігіне алмайды, экспроприацияламайды және мұндай жағдайлар туындаған жағдайда шарттарды ескереді деп көзделген.
Келісімде тарап пен екінші тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауларды, сондай-ақ тараптар арасындағы дауларды реттеу көзделеді.
Мәжіліс екі келісімді ратификациялау туралы заңдарды қабылдады.
Жаңалықтар
0