Отызға жуық отандық кино прокатқа шығады – Ұлттық киноны қолдау орталығы

© Sputnik / Тимур Батыршин"Қазақфильм" киностудиясының маңдайшасы
Қазақфильм киностудиясының маңдайшасы - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.12.2023
Жазылу
Олардың ішінде Асхат Кучинчирековтың "Бауырына салу", Дархан Төлегеновтың "Ағайынды", Кенжебек Шайқақовтың "Айқай", Серік Апрымовтың "Ауыл" және тағы басқа фильмдер бар
АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Келесі жылы 30-ға жуық отандық кино прокатқа шығады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына сілтеме жасап.
Бүгінде әр жылдары түсірілген 29 толықметражды фильм дайын тұр. Олардың жартысы енді ғана аяқталып жатса, бұған дейін түсірілген кей туындылар түрлі себепке байланысты әлі де прокатқа шықпаған. Экранға шықпаған туындылардың қатарында тіпті 2019 жылғы конкурстың нәтижесінде түсірілген фильмдер бар. Авторлардың көбі фестивальдерге қатысамын деп ұзақ уақыт жүріп қалғанын айтып отыр. Бұған қоса тарихи оқиғаларға негізделген, ұлы тұлғалардың мерейтойына арналған жобалар да жетерлік.
© Photo : Пресс-служба НАО "Государственный центр поддержки национального кино"Құрманбек Жұмағали
Курманбек Жумагали - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.12.2023
Құрманбек Жұмағали
Орталықтың басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағалидің айтуынша, кейбір киногерлер бастапқыда мемлекет қаражатына фильм түсіру үшін өз жобасын асыра мақтап, конкурстан жолдама алған. Бірақ соңында жобаны одан әрі ілгерілету жұмыстарынан өздері бас тартқан.
"Бұл дегеніміз, олардың мемлекеттік қаржыға деген тек тұтынушылық көзқарасын көрсетеді. Егер фильмнің көрерменге жетуі авторлардың өзіне қызық болмаса, оны түсіріп не қажет? Мұндай компаниялар мен авторлар бойынша Орталық болашақта бір шешім шығарады", - дейді Жұмағали.
Ал авторлық фильмдердің орны бөлек. Олар кемінде бір жыл халықаралық фестивальдерді аралап, уақытын өткізіп алады. Әрі мұндай туындылардың прокатқа шығуы да қиын. Себебі қарапайым көрермендер авторлық киноларға көп бара бермейді. Дегенмен оны іздеп жүріп көретін киносүйер қауым бар. Авторлық фильмдердің ішінде Асхат Кучинчирековтың "Бауырына салу", Дархан Төлегеновтың "Ағайынды", Кенжебек Шайқақовтың "Айқай", Серік Апрымовтың "Ауыл" және тағы басқа фильмдер бар. Осы картиналар да прокатқа келесі жылы шығады.
Бұдан бөлек, "Ева. Батыр қыз" секілді деректі картина соңғы жартыжылдықта 13 халықаралық кинофестивальден жүлделі оралды. Бақыттас Санитастың "Тезек" картинасы бойынша әйгілі "Netflix" компаниясымен келсіссөз жүргізіліп жатыр. Әділхан Ержановтың "Мүйізтұмсық" атты киносының әлемдік премьерасы келесі жылы беделді Роттердам кинофестивалінде өтеді.
Жаңалықтар
0