Қазақстан Қытайдан Еуропаға транзиттік жүк тасымалын ұлғайтуды көздеп отыр

© Sputnik / Владислав ВодневЖүк көлігі
Жүк көлігі - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.12.2023
Жазылу
2029 жылға қарай транзиттік тасымал көлемі бес есеге артып, 1 млн тоннаны құрайды
АСТАНА, 5 желтоқсан – Sputnik. Қытайдан Еуропаға баратын жүктің Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өту көлемін ұлғайтудың әлеуеті зор. Бұл туралы көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша жүк тасымалы 5,5 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ке артық. Тасымалдағы отандық операторлардың үлесі – 42%.
"Транзиттік тасымалдарда да оң үрдіс байқалуда. Өткен жылмен салыстырғанда ондағы өсім 44 % деңгейінде (2,5-тен 3,6 млн тоннаға дейін). Негізгі жүк көлемі Қытай еліне тиесілі және ол соңғы жылдары 2 есеге өсім көрсетуде (0,7-1,5 млн тонна)", - деді Аблалиев үкімет отырысында.
Сараптамалық мәліметтерге сәйкес Қытайдан Еуропаға жыл сайын теңіз жолымен 1 млрд 600 млн тоннаға дейін жүк тасымалданады. Ал Қазақстан арқылы автокөлікпен тасылатын транзиттік жүк көлемі 1%-тен аспайды.
"Әлемдік тәжірибеде тез бүлінетін, медициналық, қымбат және қысқа мерзімде жеткізуді талап ететін тауарлар негізінен автокөлікпен тасымалданады. Сондықтан Қытайдан Еуропаға баратын жүктің ел аумағы арқылы транзитпен өту көлемін ұлғайтудың үлкен әлеуеті бар", - деді вице-министр.
Ол алдағы уақытта жыл сайынғы тасымал көлемі өсе беретінін атап өтті. 2029 жылға қарай транзиттік тасымал көлемі бес есеге артып, 1 млн тоннаны құрайды деген болжам бар.
"Бұған биыл енгізілген визасыз режим және Қытай мен Қазақстан аумағы арқылы өтетін еркін транзитке мүмкіндік берген жаңа келісім ықпал етеді. Бұдан басқа Қытай тарапы Тир Карнет еуропалық жеңілдетілген шекарадан өту жүйесінің мүшесі болып қабылданды. Ол кедендік тексерусіз транзиттік жол жүруге мүмкіндік береді", - деді Әблалиев.
Айтуынша, Қытай транзитінің болжанып отырған 3 есеге ұлғаюы (0,01%-тен 0,03%-ке дейін) жыл сайын Қазақстан экономикасына 263 млрд теңгеге жуық қаражат түсуін қамтамасыз ете алады.
Айта кетері, елімізде алыс шетелдерге жүк тасымалдайтын 370 отандық компания 7600 автокөлікпен жұмыс істейді.
Жаңалықтар
0