Сенатор Алматыдағы өрт туралы: жатақханалар жекешеленіп кетті, соның салдары

© Sputnik/Ертай СарбасовНұртөре Жүсіп
Нұртөре Жүсіп - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.11.2023
Жазылу
Ол заңсыз жекешеленіп кеткен жатақханаларды қайтаруға болатынын айтты
АСТАНА, 30 қараша – Sputnik. Сенатор Нұртөре Жүсіп 13 адамның өмірін қиған Алматыдағы трагедияға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенатор осы оқиғадан кейін барлық хостелді тексеріп шығу қажет деп санайды. Себебі кейбір кәсіпкерлер пайданы көптеп алу мақсатында қауіпсіздік шараларын елемейді.
"Жоғары оқу орындарының жатақханалары кезінде жекешеленіп кетті ғой. Соның салдары… Қазір Астана, Алматы, қай қалада болсын, студенттерге жатақхана табу өте қиын. Сондықтан көбіне бірінші курс студенттерін жатқызады да, қалғанына түрлі сылтау айтып, бермеуге тырысады. Осыдан кейін студенттер не істейді? Инфляция мынандай, қаражат жетпейді, стипендия аз. Содан амал жоқ, арзан хостелге барады",- деді Нұртөре Жүсіп Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Ол хостелдерді көбіне жеке адамдар салатынын, сондықтан олардың сапасы мен қауіпсіздігін тексеріп тұру қажеттігін айтты.
"Бұл жерде өрт, жер сілкінісі сияқты қауіп бар. Оны да ескеру керек. Сондықтан барлығын тексеру керек", - дейді сенатор.
Оның пікірінше, заңсыз жекешеленіп кеткен жатақханаларды қайтаруға болады.
"Қазір заңсыз алынған активтерді қайтару бойынша біраз жұмыс атқарылды. Бұның бәрі біраз уақыт алуы мүмкін. Дегенмен заңсыз жекешелендірілген ғимараттар болса, оларды қайтаруға әрекет жасау керек. Себебі мемлекет басшысы қанша тапсырғанымен жатақхана мәселесі әлі шешілген жоқ", - деп түйіндеді Жүсіп.
Еске сала кетейік, Алматыда 30 қараша күні таңертең Шәріпов көшесіндегі хостелден өрт шығып, 13 адамның мәйіті табылды. Тағы бірнешеуі ауруханаға жатқызылды. Алдын ала мәлімет бойынша оларға иіс тиген.
Жаңалықтар
0