Депутат студенттердің жанайқайы жайлы: еш қорықпастан бәрін жайып салды

© Sputnik / Абзал КалиевУчастники совместного заседания палат парламента
Участники совместного заседания палат парламента  - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.11.2023
Жазылу
Депутаттың айтуынша, дамыған елдерде харассменттің жазасы өте ауыр. Ал біздің елде харассмент ұғымы заңда атымен жоқ
АСТАНА, 30 қараша – Sputnik. Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден жоғары оқу орындарындағы харассмент мәселесін көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутаттың айтуынша, елді елең еткізген зорлық-зомбылық туралы хабарлардан кейін әлімжеттік көрген студенттер өз оқиғаларын әлеуметтік желіде бөлісе бастаған.
"Жақында Астана медицина университетінде профессор-оқытушының студентке жасаған жыныстық қысым фактісі анықталды. Жеке өзіме еліміздің әртүрлі оқу орындарының студенттерінен 100-ден аса хат келіп түсті. Президент өз сөзінде "Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек" деді. Осы орайда, харассментке ұшырау ықтималдығы өте жоғары бір топ бар, ол – студенттер", - дейді Әбден премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында.
Депутат жыныстық қысымға ұшыраған елордалық бойжеткеннің ісімен танысып, бұл салада кемшіліктер көп екеніне көзі жеткен.
"Дәл бүгін еліміздің оқу орындарында қанша харассмент оқиғасы орын алғанын дөп басып айту қиын. Себебі статистика жүргізілмейді. Ал заңда харассмент ұғымы атымен жоқ. Жалпы зорлық-зомбылықтың қай түрін болсын, харассментті де қатаң қарап, заң жобасына бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізу қажеттілігі туындап отыр", - деді Әбден.
Айтуынша, дамыған елдерде харассмент үшін қатаң жаза беріледі.
"Бұл жолы студент қызымыз батыл болып шықты. Еш қорықпастан болған жағдайды жайып салды. Тиісті шешім қабылданып, әлгі харассер жұмыстан шығарылды. Бірақ біз мұндай мәселені әрқашан студенттің батылдығына, басшының әділдігіне сеніп қоя алмаймыз. Мысалы дамыған елдерде харассменттің жазасы өте ауыр. Бізге де жүйелі, кешенді шешімдер керек", - деп санайды мәжіліс депутаты.
Осыған байланысты депутаттар үкіметке бірнеше ұсыныс тастады:
еліміздің барлық жоғары оқу орнында харассментке қатысты анонимді сауалнаманы тәуелсіз түрде өткізу;
профессорлық-оқытушылық құрам мен барлық студент қызға харассментке қатысты заңнамалық-құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізу;
оқу ғимараттарын бейнекамерамен толық қамтамасыз ету;
барлық жоғары оқу орнының Жарғысына харассмент туралы нақты ережелер енгізу.
Сонымен бірге Қарақат Әбден келер жылды зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жылы деп жариялауды ұсынды.
Жаңалықтар
0