Дархан Сатыбалды туысының пәтерін "жалға алғандардың" қулығын жайып салды

© Sputnik / Абзал КалиевТеңге
Теңге  - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.11.2023
Жазылу
Субсидия алып отырған 3,5 мың адамның ішінде 1 800 адам көршінің немесе туысының пәтерін көрсеткен
АСТАНА, 29 қараша – Sputnik. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жалдамалы пәтердің субсидиясын заңсыз алған азаматтардың қулығын жайып салды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін облыс тұрғындары бұқаралық ақпарат құралдарына шағымданып, жалдамалы пәтер ақысы берілмей жатқанын мәлімдеген еді. Субсидияны үкімет Отбасы банк арқылы аударып отырды. Бағдарлама бойынша баспана кезегінде тұрған азаматтар жалға алынған пәтер ақысының жартысын ғана төлейді. Жартысы мемлекет тарапынан өтеледі.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, жыл басында осы бағдарламаға 1 млрд теңге бөлінген. Бірақ артынан өтініш аз болғасын 700 млн теңгесін қысқартып тастаған. Одан кейін өтініш саны күрт көбейіп кетіпті.
"Бір қарағанда адам болмады, сосын бір мезетте мыңдаған адам тіркелді. Ал біз қаржыны қысқартып тастадық. Содан қаражат жетіспеушілігі болды. Біз өтініш берген адамдарды зерделедік. Сөйтсек, субсидия алып отырған 3,5 мың адамның ішінде 1 800 адам көршінің немесе туысының пәтерін көрсеткен. Біз олардың бәрін құзырлы органдарға беріп, заңсыз алынған субсидияны қайтарып жатырмыз", - деді Сатыбалды.
Оның айтуынша, балабақшаларда тура сондай жағдай болған. Олар 50 бала келсе де, 100 балаға ақша сұрап отырған.
"Артспортта" да сондай жағдай болды. Мониторинг топтарын құрып, әрбір үйді тексеріп жатырмыз. Мысалы, ауылды жерде жалдау ақысы қанша? 20-50 мың теңгеге тапсырылады. Ал олар 100 мың деп рәсімдеп алған. Бюджет қаржысын талан-таражға сала алмаймыз. Мониторингтен кейін ғана бұл бағдарламаны ары қарай жалғастырамыз", - деп түйіндеді Сатыбалды.
Жаңалықтар
0