Зауыттардың кесірінен су жетпей жатыр – халық министрге шағымданды

© ИА Новости-Казахстан, Анатолий УСТИНЕНКОКүз
Күз - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.11.2023
Жазылу
Шығыс Қазақстан облысының Маралды ауылындағы зауыт ауыз судың көзі болған 7 бұлақтың 3-еуін жауып тастаған
АЛМАТЫ, 27 қараша – Sputnik. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов азаматтарды қабылдады. Үш жарым сағатқа созылған кездесуде еліміздегі су нысандарының мәселесі айтылды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Ақмола облысының тұрғындары Ақсу өзенінің таязданғанына шағымданды. Олардың айтуынша, зауыттардың суды өнеркәсіптік қажеттіліктерге пайдаланғаны себепті су азайған. Жергілікті халық өзеннен су жіберуді шектеуді сұрады.
Нұржан Нұржігітов Есіл бассейндік инспекциясы экология министрлігімен бірге жұмыс тобын құрып, Ақсу өзеніндегі су деңгейін зерттейтінін айтты.
Министр Астана су қоймасы мен елорда арасындағы Есіл өзенінің бойында орналасқан ауыл тұрғындарымен де кездесті. Ауыз судың жетіспеушілігі мен жыл сайынғы көктемгі су тасқынына шағымданған тұрғындар мәселені шешу үшін Есіл өзенінің арнасын және су қоймасын тазарту қажеттігін айтты.
"Бұл жұмыстар су саласын дамытудың кешенді жоспарына енгізілген. Құжат Қазақстан Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгеннен кейін жыл соңына дейін қабылданады. Жоспарға сәйкес, Ақмола облысы әкімдігі Есіл өзенінің арнасы Жібек Жолы ауылына дейін тазартуға арналған жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеп, министрлікке тапсыру қажет",- деді Нұржан Нұржігітов.
Ол жұмыстың бірінші кезеңін 2024 жылғы су тасу қаупі бар маусымға дейін бастауды тапсырғанын атап өтті. Сондай-ақ Астана су қоймасын толтыру бойынша қосымша шаралар қарастырылып жатыр.
Министр қабылдауында көтерілген тағы бір мәселе – Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылындағы зауыт құрылысы. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, зауыт ауыз судың көзі болған 7 бұлақтың 3-еуін жауып тастаған. Мәселе жерасты суларына қатысты болғандықтан, министрлік бұл жағдайды жіті бақылауында ұстайды.
"Қоғамдық қабылдауда Бурабай мен Үлкен Шабақты көлдерін байланыстыратын Громотуха өзенін қорғау мәселесі де қозғалды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кәсіпкерлер өзен ағысын заңсыз жауып тастап, сарқылтып жатыр", - деп жазылған министрлік хабарламасында.
Министр су шаруашылығы комитетінің қызметкерлеріне Есіл бассейндік инспекциясымен бірге сол жерге барып, жағдайды мұқият зерттеуді тапсырды.
Сондай-ақ ШҚО шекаралас аудандарының тұрғындары Үлкен Ұласты өзені арқылы келетін су жетпейтініне шағымданды.
Айта кетері, министрлік қазіргі уақытта Қытай тарапымен, оның ішінде Қазақстан аумағында су тарату құрылысын салу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.
Жаңалықтар
0