Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін төмендетті

© Photo : Пресс-служба Национального банка КазахстанаҰлттық банк ғимараты
Ұлттық банк ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.11.2023
Жазылу
Жылдық инфляция қарқынды түрде баяулап келеді
АСТАНА, 25 қараша – Sputnik. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16%-дан 15,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.
"Мұндай шешімге келуге Ұлттық банктің болжамдарды жаңартуы, деректерді талдауы және инфляция тәуекелдерінің балансын бағалауы негіз болды", - деп жазылған Ұлттық банк таратқан хабарламада.
Сыртқы инфляциялық қысым орталық банктердің қатаң саясаты мен әлемдік азық-түлік бағасының төмендеуі аясында бәсеңдеп келеді. Алайда назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдер бар. Ішкі экономикада проинфляциялық қысым сақталып отыр.
Жылдық инфляция 2023 жылдың қазанында баяулап, 10,8%-ды құрады және алдыңғы болжамды диапазонның төменгі шегіне жақындады. Баға өсімі қазір жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатына, жаһандық инфляциялық қысым мен өндірістік шығындардың төмендеуіне, логистикалық тізбектердің біртіндеп қалпына келуіне, билік қабылдаған шараларға, сондай-ақ өткен жылғы жоғары базаның ықпалына байланысты баяулап келеді.
Базалық және маусымдық факторларды ескермейтін инфляция көрсеткіштері тұрақталды. Алайда олар таргеттен жоғары қалыптасып, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің кең ауқымына бағаның орнықты өсуін көрсетіп отыр.
Жаһандық инфляция баяулау үрдісін жалғастырып келеді. Бірқатар елде, соның ішінде сауда-серіктес елдердің көбінде инфляцияның баяулау үрдісі сезіледі. Бұл ретте алдыңғы болжаммен салыстырғанда Ресейдегі инфляцияның жоғары деңгейіне байланысты сыртқы инфляциялық қысымның күшею тәуекелдері сақталып отыр.
Ұсыныстың маусымдық ұлғаюы есебінен дәнді дақылдар бағасы төмендейді деп болжануда. Алайда 2023 жылдың аяғы мен 2024 жылдың басында Украинадан астық жеткізу көлемі төмендегендіктен, баға өседі деген болжам бар. 2024 жылдың ортасынан бастап ұсыныстың ұлғаюына және логистикалық тізбектердің жақсаруына байланысты дәнді дақылдар бағасы біртіндеп төмендейді.
Базалық сценарийде ОПЕК+ өндіруді қысқартуы және Таяу Шығыстағы соғыс қимылдарының ұзаруы аясында осы жылдың соңына дейін Brent маркалы мұнайдың бағасы 1 баррель үшін 85-90 АҚШ доллары аралығында тұрақтанады деп болжанады. Базалық сценарийде 2024 және 2025 жылдары әлемдік экономиканың әлсіз өсуі салдарынан қуат көздеріне деген орташа сұранысқа байланысты Brent маркалы мұнай бағасы, тиісінше, орташа есеппен 85 АҚШ долларын және 80 АҚШ долларын құрайды деп болжануда.
Қазақстан экономикасының өсуі бойынша 2024 және 2025 жылдарға арналған болжам қайта қаралды. Биыл ЖІӨ бұрынғыдай 4,2-5,2% шамасында өседі деп болжануда.
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2024 жылдың 19 қаңтарында Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
Еске сала кетейік, Ұлттық банк қазан айында базалық ставканы16,5%-тен 16%-ке дейін төмендеткен еді.
Жаңалықтар
0