Тоқаев: Соғыс өрті барлық елді шарпымай тұрғанда тоқтағаны жөн

© AP Photo / Abed KhaledГаза секторы
Газа секторы - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.11.2023
Жазылу
Президент Газа секторы төңірегінде болып жатқан оқиғалар әлемдік қоғамдастықты екіге жарғанын мәлімдеді
АЛМАТЫ, 23 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамда өткен сессиясында Таяу Шығыстағы мәселені қозғады, деп хабарлады Ақорда.
Тоқаев бүгінгі сессия халықаралық ахуал күрт нашарлаған өте қиын жағдайда өтіп жатқанын атап өтті. Еуразия құрлығындағы және ҰҚШҰ жауапкершілігіне кіретін аймақ төңірегінде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Мемлекет басшысының пікірінше, Таяу Шығыстағы оқиғалар ерекше алаңдаушылық туғызады.
"Қақтығыстан бейбіт халық зардап шегіп отыр. Қаншама жазықсыз адам, балалар қаза тапты. Мұндайға бей-жай қарау мүмкін емес. Қазақстан Газа тұрғындарына бір миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Қаржы БҰҰ құрылымы – UNRWA/БАПОР ұйымы арқылы жіберілді. Қақтығыс кезінде бұл ұйымның қызметкерлері өте көп шығынға ұшырағанына қарамастан, жұмысын ерлікпен жалғастырып жатыр", - деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, Таяу Шығыстағы қақтығыс жаһандық ауқымдағы ақпараттық-идеологиялық текетіресті әбден ширықтырып жіберді.
"Газа секторы төңірегінде болып жатқан оқиғалар әлемдік қоғамдастықты екіге жарды. Соғыс өрті барлық ел мен континентті шарпымай тұрғанда тоқтағаны жөн", – деді президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның уақытша бітім жасау туралы соңғы келісімді құптайтынын мәлімдеді.
"Біз әуел бастан қақтығысушы тараптардың гуманитарлық үзіліс жариялауы керек екенін айттық. Олар осы уақытты қалыптасқан жағдайды реттеудің ұзақмерзімді шараларын әзірлеуге пайдалану үшін бар күш-жігерін жұмсауы қажет. Бұған қоса, БҰҰ аясында палестиналықтарға "Екі халық үшін екі мемлекет" формуласына сай толыққанды мемлекет құру құқығын берген жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Қазақстан президенті Ауғанстандағы күрделі ахуалға назар аударып, халықаралық қоғамдастықты ауған халқына көмек беру ісін жалғастыруға шақырды.
"Ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыру және тауқыметі көп осы елдің өңірлік экономикаға интеграциялануына ықпал ету маңызды деп санаймыз. Биыл Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік, аса қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмек жөнелтті",– деп толықтырды мемлекет басшысы.
Тоқаев қазан айында Ауғанстанның батысында болған жер сілкінісіне байланысты көмек көрсетілгенін айтты. Герат қаласына құтқарушылар, кинологтар мен медицина қызметкерлері жіберілді.
Жаңалықтар
0