Қазақстанда әскери қызметтің жаңа түрі енгізіледі – тәртібі қандай
© Photo : Минобороны РКҚазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығына арналған жаппай жүгіріс
© Photo : Минобороны РК
Жазылу
Заң бойынша резервтегі әскери қызметті 2025 жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр
АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. 2025 жылдан бастап Қазақстанда әскери қызметтің жаңа түрі - резервтегі қызмет енгізіледі. Қорғаныс министрлігі арнайы заң жобасын әзірледі. Оған сәйкес, бас кезінде резервтегі әскери қызметке 2 мың адам шақырылады.
Осы мақсатта республикалық бюджетте қыруар қаржыны да қарастырып қойған. Sputnik Қазақстан жаңа әскери қызметтің негізгі ерекшеліктерін ұсынады.
Әскери қызметтің жаңа түрі не үшін керек
Резервтегі әскери қызмет ерікті болады. Оған әрбір адам өз қалауымен барады. Ал оны енгізудің негізгі мақсаты – мобилизациялық дайындық жүйесін жетілдіру. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың айтуынша, резервтегі қызмет әскери бөлімшелерді дайындықтан өткен мамандармен жасақтауға мүмкіндік береді. Ал, ең бастысы, елімізде әскери іс-қимылдарға дайын резервтік күштер болады.
"Негізі, әлем бойынша экономикасы дамыған мемлекеттердің бірде-біреуі толығымен жинақталған армиясын ұстай алмайды. Оған көп ақша керек. Сол себепті резервтегі қызметке басымдық беріледі. Бүгінде резервтегі қызмет туралы заң АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, көршілеріміз – Ресей, Беларусь пен Украина сияқты елдерде бар. Біз де олар сияқты тура сондай заңды қабылдайын деп отырмыз", - деді Жақсылықов мәжілісте өткен отырыста.
Заң бойынша резервтегі әскери қызметті 2025 жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр. Республикалық бюджетте осы мақсатта 3,5 миллиард теңге қарастырылған. Бас кезінде резервтегі әскери қызметке 2 мың адам шақырылады.
Заңның негізгі нормалары
Заңға сәйкес, әрбір адамды резервтегі әскери қызметке тұрғылықты жері бойынша шақырады. Негізгі нормалар:
резервтегі әскери қызметке кіретін адамға резервтегі әскери қызметті өткеретін әскери қызметші мәртебесін беру;
резервтегі әскери қызметке іріктеу және қабылдау тетігі белгілеу;
резервтегі әскери қызметшінің құқықтары мен міндеттерін айқындау;
резервтегі әскери қызметті өткеру тәртібі бекіту;
резервтегі әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыруды және барлық үлес түрлерімен қамтамасыз ету;
резервтегі қызметтен босату;
Бұдан бөлек, заңда резервтегі әскери қызметте болудың шекті жасы, резервтегі әскери қызметшілердің сабақтар мен жиындардан өту тәртібі, сондай-ақ резервтегі қызметті өткеру кезеңінде залал келтіргені үшін резервтегі әскери қызметшілердің жауапкершілігі белгіленген.
Резервтегі әскери қызметші үшін жұмыс берушімен арадағы еңбек қатынастары да заңмен реттеледі.
Резервтегі қызмет әскери қызметтің мерзімі қандай
Резервтегі әскери қызметке шақырылатын адамдарға жалақы төленеді. Оған қоса, әскери қызметшіге тиесілі барлық киім-кешек пен құрал-жабдықтар беріледі.
"Резервтегі әскери қызмет бұл жұмысқа орналасу мүмкіндігі ғана емес, оны табыс табудың жолы ретінде қарастыруға болады. Себебі резервистерге ең төменгі жалақы көлемінде ақша төленеді", - дейді қорғаныс министрі.
Биыл ең төменгі жалақының көлемі 70 мың теңгеге көтерілген. Ал келесі жылы оны тағы 85 мың теңгеге дейін өсіру жоспарланып отыр. Резервтегі қызмет әскери қызмет еңбек өтілі ретінде есептеледі. Ол үшін зейнетақы жарналары да аударылады.
Резервтегі қызмет әскери қызметтің мерзімі – екі ай. Ал осы қызметке шақырылған адам барлық салықтан босатылады.
"Біз әскери қызметке міндетті адамдарды жинағанда 1,5 мың адамның 40 проценті жұмыссыз болып шықты. Оларды арнайы формамен, жатын орынмен, тегін санитарлық-тұрмыстық нормамен, медициналық қызметпен және тамақпен қамтамасыз еттік. Оған қоса, жалақы төленеді. Осының өзі жұмыссыз адам үшін жақсы көмек емес пе?", - дейді Жақсылықов.