"Отбасы банкі" АҚ банктер жүйесінен шығарылады – халықтың депозитіне не болады

© Sputnik / Владислав ВодневОтбасы
Отбасы  - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.11.2023
Жазылу
Баспана кезегін жасау құзіретін әкімдіктерден алып, Отбасы банкіне беру жоспарланып отыр
АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Отбасы банкін ұлттық даму институтына айналдыру жоспарын таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Баспана кезегі банкке беріледі

Алдағы уақытта баспана кезегін жасау құзіретін Отбасы банкіне беру жоспарланып отыр. Осыған байланысты Отбасы банкі ұлттық даму институтына айналады.
"Отбасы банкіне аталған функциялар берілетіні ескеріліп, оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару көзделген. Сәйкесінше Отбасы банк банктік және басқа да операцияларды лицензиясыз жүзеге асырады", - деді Шарлапаев мәжілістің жалпы отырысында.
Бірақ қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және ұлттық банк тарапынан Отбасы банкіне қатысты кейбір қадағалау функциялары сақталады. Олар:
қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғау;
валюталық реттеу және бақылау, қаржылық және өзге де есептілікті алу;
қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;
ақша-кредит статистикасын және қаржы нарығының статистикасын қалыптастыру үшін есептілік деректерін жинау;
бухгалтерлік есеп мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді қабылдау және тағы басқа.

Депозиттерге не болады

Заң бойынша Отбасы банкін екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығарғаннан кейін оны депозиттерге кепілдік беру жүйесінен де шығаруға тура келеді.
"Осыған байланысты Отбасы банкінде орналастырылған азаматтардың салымдарына мемлекеттік кепілдік беру ұсынылып отыр", - деп атап өтті Шарлапаев.
Айта кетері, кепілдік берілетін депозиттің сомасын үкімет айқындайды. Бүгінде ұлттық валютадағы 20 млн теңгеге дейінгі тұрғын үй-құрылыс жинақтарына мемлекет тарапынан кепілдік беріледі.

Баспана кезегі қалай жүргізіледі

Қазіргі әкімдіктер жүргізіп жатқан баспана кезегі Отбасы банкіне өзгеріссіз беріледі. Ал жергілікті атқарушы органдардың базасына есепке қою тоқтатылады.
Отбасы банкі базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады.
Ол жерде әрбір өтінім бойынша кірістерді, мүлік пен активтерді анықтайтын отбасының цифрлық портреті жасалады. Осының арқасында отбасының жағдайы анық көрінеді.
"Бұған қоса ұсынылып отырған жаңа модельге сәйкес тұрғын үйді бөлу азаматтардың есепке тұрған күніне және табыс деңгейіне байланысты жүзеге асырылады. Осылайша, тұрғын үйді есепке тұрған күніне байланысты бөлу, барлық мұқтаж азаматтарды әділ түрде қамтуға мүмкіндік береді", - дейді Шарлапаев.
Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Екінші оқылымға дейін осы құжатқа тағы өзгеріс енгізілуі мүмкін.
Жаңалықтар
0