РФ сыртқы істер министрі: Газа секторына жеткізіліп жатқан гуманитарлық көмек жеткіліксіз

© AP Photo / Mohammed AsadГрузовик с гуманитарной помощью для сектора Газа пересекает пограничный пункт Рафах
Грузовик с гуманитарной помощью для сектора Газа пересекает пограничный пункт Рафах - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.11.2023
Жазылу
АСТАНА, 21 қараша – Sputnik. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Газа секторына жеткізіліп жатқан гуманитарлық көмектің көлемі жеткізіліксіз екенін айтты.
Бұл туралы ол құрамына Сауд Арабиясы, Иордания, Мысыр, Индонезия, Палестина сыртқы істер министрлері және ИЫҰ Бас хатшысы кіретін Араб мемлекеттері лигасы (АМЛ) мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) бірлескен комитеті делегациясының мүшелерімен Мәскеудегі кездесуде мәлімдеді, деп хабарлады РИА Новости.
Кездесу барысында ресейлік министр мен делегация басшысы бірқатар мәлімдеме жасады.
Сергей Лавров Газа секторына жеткізіліп жатқан гуманитарлық көмектің көлемі жеткіліксіз екенін айтты.
"Біз Газа секторындағы апатты гуманитарлық салдарды қазірдің өзінде көріп отырмыз. Жеткізіліп жатқан гуманитарлық көмектің көлемі жеткіліксіз екені анық. БҰҰ аясында гуманитарлық көмек көрсетумен айналысатын агенттіктер дабыл қағуда", - деді ол Араб мемлекеттері лигасы және Ислам ынтымақтастығы ұйымы бірлескен комитеті делегация мүшелерімен кездесуде.
"Соғыс қимылдарын тоқтату, гуманитарлық мәселелерді шешу, кепілге алынғандарды босату секілді өзекті мәселелерді шешу бүгінгі күннің басты басымдығы болып табылады", - деді министр.
Лавров Мәскеу Палестина – Израиль мәселесін екі мемлекет құру арқылы шешуді қамтамасыз ету үшін "сыртқы қолдау" тетігін құру қажет деп санайтынын жеткізді. Ресейлік министр "Таяу Шығыс төрттігі" өзіне жүктелген функцияларды, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жүктеген функцияларды орындай алмағанын мәлімдеді. Лавровтың айтуынша, Ресей "Таяу Шығыс төрттігінің" Араб мемлекеттері лигасымен үйлесе жұмыс істеуін қолдағанын, бірақ Батыс елдерінің ұстанымы мен БҰҰ тарапынан қажетті бастаманың болмауына байланысты бұл мүмкін болмағанын айтты.
Ресей министрі Палестина – Израиль қақтығысын шешу процесін бастау үшін қазірден бастап тиісті жағдай жасау және тәуелсіз Палестина мемлекетін құруды көздейтін бейбітшілік процесін қайта іске қосуға дайындалу қажет екенін мәлімдеді.
"Осы өзекті мәселелерді шешумен бірге стратегиялық сипаттағы мәселелерді назардан тыс қалдырмай, оларды шешу үшін жағдай жасауға қазірден кірісу керек. Бұл ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында, 2002 жылғы араб бейбітшілік бастамасы мақұлданған халықаралық деңгейде мойындалған процесс негізінде және 1967 жылғы шекарада тәуелсіз Палестина мемлекетін құруды көздейтін бейбітшілік процесін қайта іске қосуға дайындалу", - деді Лавров кездесуде.
Өз кезегінде Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Газа секторындағы соғыс пен оны қоршауды дереу тоқтату керек екенін айтты.
"Бүгінгі үндеуіміз анық: соғыс тез арада аяқталуы керек, атысты тоқтату режимі енгізілуі керек, Газа секторының бұғатталуын тоқтатып, тұтқындарды босату керек", - деді Бен Фархан.
Оның айтуынша, палестиналықтар мен израильдіктер арасындағы бітімгершілік келісімді де "жедел және әділ" қалпына келтіру керек.
Сонымен қатар ол Газадағы байланыс тобы аймақтағы әскери заң бұзушылықтарды тоқтату үшін Ресей Федерациясы және барлық серіктестермен жұмыс істеуге ниетті екенін мәлімдеді.
"Олар Газа секторындағы әскери заң бұзушылықтарды тоқтату үшін халықаралық деңгейдегі әрекет етуді күшейту мақсатында Ресей және барлық серіктестермен ынтымақтастық орнатуға тырысып жатыр", - деді саударабиялық министр.
Жаңалықтар
0