Қарағанды облысында төтенше жағдай жарияланады
© PhotoАрхивтегі фото
© Photo
Жазылу
Құтқарушылар қолайсыз ауа райының салдарын жою жұмыстарын жалғастырып жатыр
АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Қарағанды облысында дауылды желдің салдарын жою мақсатында төтенше жағдай режимі жарияланады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Өткен демалыс күндері Қарағанды облысында дауылды жел соқты. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Өңірдегі жағдай туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа ТЖ департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов баяндады.
"18-19 қарашада аймақта қатты желдің салдарынан 114 тұрғын үй мен әртүрлі ғимараттың шатыры мен қабырға қаптамасына зақым келді. Қираған шатырлардың жалпы ауданы 18 947 шаршы метрді құрады. Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Шахтинск, Ақтоғай, Абай, Бұқар жырау, Осакаров, Нұра, Қарқаралы және Шет аудандарының аумағында электр энергиясы ішінара сөніп қалды", – деді Мұрат Қатпанов.
Қазіргі уақытта елді мекендердің басым бөлігі электр энергиясына қосылған, үш қалада және төрт ауданда авариялық жұмыстар жалғаып жатыр. Сондай-ақ ағаштардың құлау қаупі туралы 85 хабарлама келіп түскен.
"Ермағанбет Бөлекпаев қалалар мен аудандардың әкімдеріне қысқа мерзімде зардап шеккен нысандарды қалпына келтіруді тапсырды. Төтенше жағдай жариялап, барлығын заң аясында жасау керектігін тілге тиек етті", - деп жазылған әкімдіктің хабарламасында.