Алған тауарыңыз сапасыз болса: тұтынушы құқы қалай қорғалады

© Sputnik / Абзал КалиевВ торговом комплексе Magnum Cash & Carry
В торговом комплексе Magnum Cash & Carry - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.11.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 18 қараша – Sputnik. Қазақстанда тұтынушы құқы заңмен қорғалады. Бірақ өкінішке орай, халық өз құқын біле бермейді.
Бұл туралы жауапты мекеме басшылығы мен қоғамдық ұйым мүшелері айтты. Сонымен сапасыз қызмет пен тауар алған тұтынушының құқы қалай қорғалады, Sputnik Қазақстан тілшісі әзірлеген материалдан оқыңыз.
Биылғы 10 айда бір ғана Алматы қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 5500-ден астам тұтынушы тауарының сапасы мен қызметіне шағым айтып, өтініш жазған. Ал жауапсыз кәсіпкерлерге толтырылған әкімшілік хаттама саны – 271. Қысқасы, тауар сапасына шағым айтатындар да, хаттама толтырылатын кәсіпкерлер де көбейіп барады. Биыл Алматыда құқығы бұзылған тұтынушыларға шамамен 190 миллион теңге қайтарылды.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Әбдиевтің айтуынша, сауда және интеграция министрлігі "Сапалы Өнім" жаңа әлеуметтік жобасын іске қосқан. Бұл жобаның мақсаты - отандық өндірушілерді және ішкі нарықты қауіпті және сапасыз өнімдерден сақтандыру, тұтынушылардың құқықтарын жан-жақты және тиімді қорғау және жалпыұлттық мүдделерді іске асыру үшін үкіметтік емес секторды тарту.
"Сатушылар қарапайым халықтың заңды білмеуін көп пайдаланады. Мысалы, егер сіз чексіз келген болсаңыз, сапасыз өнімді қайта алудан бас тартады. Сондай-ақ тұтынушылар көбінесе жосықсыз сатушыларға ұрынып қалып жатады. Бұл әсіресе ғаламтор арқылы сауда жасаған кезде жиі болады", - дейді Нұрлан Әбдиев.
Мамандардың айтуынша, тауарды онлайн сатып алғанда дүкен туралы ақпаратты мұқият зерттеу керек. Егер тұтынушы ірі және танымал компанияның сайтымен тапсырыс беретін болса, өзіңіздің браузеріңіздің мекен-жайды көрсететін жеріне ресурстың мекен-жайын дұрыс жазыңыз. Тіпті дүкен әкімшілерінен заңды тұлға екендерін дәлелдейтін құжатын талап етуге де құқыңыз бар.
"Біз кез келген өнімді сатып ала аламыз, бірақ сапасы сын көтермей жатады. Бір қызығы дәл осындай жағдайда сатушылар мойындамайды. Ғаламтор арқылы тапсырыс бергенде сатушылар алдын ала төлем сұрайды. Сөйтіп әртүрлі сылтаумен жоқ болады немесе сапасыз тауар жібереді. Естеріңізде болсын, заңды түрде жұмыс істеп, сапалы өнім сататын дүкендер немесе сауда орындары тұтынушыдан такуарды бермей тұрып, ешқашан алдын-ала жартылай төлем сұрамайды", - дейді сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары.
Жеңілдікпен сатылатын немесе несиеге, мейлі қандай саудамен тауар алсаңыз да, екі аптаның ішінде бас тарта аласыз.
Екіншіден қай жерден алып жатқаныңызды анықтап алыңыз. Өйткені алаяқтар көп. Үшіншіден, алған тауарыңыздың бағасы қанша тұратынын біліңіз.
"Сіз таңдаған тауардың бағасы қазір қанша тұрады, сосын қаншаға сатылады, бәрін дұрыстап анықтаңыз. Егер бағасы арзан тауарды бірнеше есеге қымбаттатса демек ол дұрыс саудагер емес. Жалпы не зат сатып алсаңыз да асықпаңыз. Тауардың сапасы, уақыты, кепілдігі бәрін білуіңіз керек. Мысалға, ғаламтордан алған киім дейік, қаптамасын ұқыптап, бүлдіріп алмай ашып, оны киіп, өлшеп, көңіліңізден шыққаннан кейін ғана сатушыға КОД-ын айтыңыз. Егер бірден айтсаңыз демек тауарды сатып алуға келіскеніңіз болып есептеледі. КОД-ты айтып қоғаннан кейін, тауарыңыздың сапасы нашар болса, сіздің құқыңызды қорғау қиынға соғады. Тауарыңызды ашып қарап, сапасын, материалын, түгел асықпай қарап алыңыз. Бұл сіздің құқыңыз. Егер тауарыңызды әкелген адам "біз жеткізушіміз, біздің еш қатысымыз жоқ десе сенбеңіз". Тек сапасын білгеннен кейін ғана КОД-ын айтыңыз", - дейді "Ұлттық тұтынушылар лигасы" республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Светлана Романовская.
Қазір жиһаздың түр-түрі көп, қарасаң көздің жауын алады. Яғни, тапсырыс берушілер де көбейген. Ал сапасы қандай?
"Көптеген адамдар білмейді, мысалы, тапсырыс берген жиһазыңызды уақтылы жеткізбесе келіскен күннен бастап әр күнге 1% өсімпұл жүреді. Егер бір жыл бойы осы жиһазды жеткізбесе, онда сатушы 300% -тен астам өсімпұл төлеуі керек. Бұл өсімпұлды төлей отырып, ол сапалы жиһаз жеткізіп беруге міндетті", - дейді Романовская.
Тұтынушы тауар сатып аларда міндетті түрде қандай тауар, сапасы қандай, сатушы қанша уақытқа кепілдік береді, барлығын мұқият тексеру керек.
"Тауар алғанда касссаға бармай тұрып сапасын көріңіздер. Біріншіден, алған затыңыз сапасыз болса, саудагерге наразылық хатпен шығу керек. Кәсіпкер немесе саудагер оған 10 күн ішінде жауап беру керек немесе ақшасын қайтару керек. Екіншіден, егер тұтынушы өз құқын қорғай алмаса сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне немесе "Ұлттық тұтынушылар лигасы" республикалық қоғамдық бірлестігіне шағымдана алады. Үшінші кезең ол – сотқа жүгіну", - дейді Нұрлан Әбдиев.
Мамандардың айтуынша, сатып алушы ғана емес, тіпті көптеген кәсіпкерлердің өзі тұтынушы құқы туралы заңды білмейді, дейді мамандар.
Светлана Романовскаяның айтуынша, 9 айда Қазақстанның он өңірінде 9 954 сатып алушыға 2 млрд 458 млн 379 мың 537 теңгені қайтаруға көмектескенін айтты. Бұған жоғарғы оқу орындары базасында жұмыс істеп тұрған "Тұтынушылардың ұлттық лигасының" еріктілері көмектескен. Бұл лигаға 78 мың адам мүше, олар: студенттер, ата-аналары мен оқытушылар.
"Көбінесе адамдар ұялы байланыс қызметтеріне, интернеттің сапасына, операторлардың тарифтерді жиі өзгертетініне және адамдар өздерінің бұл туралы мүлдем хабарсыздығына, тұтынушыларға қажет емес қызметтерді қоймай ұсынатынына шағымданады. "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңның 24-бабы бойынша, біздің өз еркімізбен таңдауға құқымыз бар, ешкім бізді қажет емес нәрсеге міндеттеуге құқы жоқ", - дейді Светлана Романовская.
Өзіңізді жосықсыз сатушылардан қорғау үшін келісімшартты дұрыс жасау өте маңызды. Мысалы, онда өнім жасалатын материалдың артикулын жазып, сол дүкен немесе компания туралы интернеттегі пікірлерді зерттеу керек. Сатушы тауар гарантиясын көрсете ме, шағымдануға болатын телефондардың бар-жоғына да назар аудару керек.
Жаңалықтар
0