Саясат Нұрбек: ғылым саласының 2023-2025 жылдарға арналған жалпы бюджеті – 643 млрд теңге
17:21 16.11.2023 (жаңартылды: 17:32 16.11.2023)
© Пресс-служба президента КазахстанаКасым-Жомарт Токаев и Саясат Нурбек
© Пресс-служба президента Казахстана
Жазылу
Ғылым саласының 2023-2025 жылдарға арналған жалпы бюджеті 3,3 есе артқан
АЛМАТЫ, 16 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Саясат Нұрбек президент тапсырмаларын орындау үшін жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданғаны туралы айтты.
Саясат Нұрбектің баяндамасынан:
биыл қыркүйек айынан бастап Қазақстанда бакалавриат бағдарламасы бойынша стипендия мөлшері 20 пайызға, магистратура мен докторантурада 15 пайызға көбейді;
ЖОО профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 160 мыңнан 350 мың теңгеге дейін, ал ұлттық университеттерде бұл көрсеткіш 228 мыңнан 400 мың теңгеге дейін өсті;
студенттер жатақханаларындағы орын тапшылығы үш есе, яғни 2022 жылғы 55 050-ден 2023 жылғы қазанда 17 488-ге дейін азайған;
QS рейтингіне 21 жоғары оқу орны, ал Times Higher Education рейтингіне 4 университет кірген. Жыл соңына дейін елімізде жұмыс істейтін жетекші шетелдік университеттер филиалдарының саны 8-ге жетеді;
Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес өз жұмысын бастады. Ғалымдардың орташа жалақысы 2 есе өсіп, 252 мың теңгеге жетті. Іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми зерттеу институттары тікелей қаржыландырылатын болды. Ғылым саласының 2023-2025 жылдарға арналған жалпы бюджеті 3,3 есе артып, 643 млрд теңгені құрады;
Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ ғалымдары тазалығы 99,5 пайыз мөлшерінде селен алу технологиясын ойлап тапты. Бұл химиялық элемент медицинада, электроникада және шыны өндірісінде кеңінен қолданылады. Осы жаңалықтың арқасында Қазақстан аталған сирек металды анағұрлым тиімді бағамен экспорттай алады.
Министр президентке сондай-ақ жоғары білім беру саласындағы инфрақұрылым мен цифрлық архитектураның дамуы, соның ішінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кампустарының құрылысына қатысты ақпарат берді.
Ал Тоқаев министрге білім беру деңгейін арттыру, инновацияларды ынталандыру және ғылыми зерттеу жұмыстарының сапасын жақсарту, сондай-ақ студенттер жатақханаларындағы орын тапшылығын азайту жөнінде бірқатар тапсырма берді.