Жүзден астам адам жүрек трансплантациясын күтіп жүр – неліктен донор табу қиын

© Sputnik / Виталий Аньков / Медиабанкке өтуДонор. Архивное фото
Донор. Архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.11.2023
Жазылу
Жүрек трансплантациясы науқастың жүрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысында белгіленеді
АСТАНА, 15 қараша – Sputnik Қазақстанда 130-ға жуық адам жүрек трансплантациясын күтіп жүр. Бүгінде жастар арасында жүрек аурулары жиі кездеседі. Ал донор табу қиын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Қарағанды облысының тұрғыны Константин Тихомиров өз кезегін 5 жыл бойы күткен. Қазір кеудесінде өзге адамның жүрегі соғып тұр. Жасы 27-де болса да ағзадағы басты орган жарамсыз күйге түскен. Басында операциядан бас тартып, спортпен айналыса берген. Артынан дерті асқынып кетіпті. Жүрек донорларының тапшылығынан мамандар баламалы шешімдерге жүгінуге мәжбүр. Ондайда жасанды ағзаларды импланттаудан басқа амал жоқ. Константин осындай жасанды сол жақ жүрек қарыншасымен 5 жыл жүрген.
"Кеудеме өзге жанның жүрегі соғып тұрғанын ойламауға тырысамын. Бұрын жасанды жүрек қарыншасымен жүретінмін. Оның салмағы 3 келіге дейін тартатын. Соны 5 жыл бойы көтеріп жүрдім. Қазір ішімнен шығып тұрған заттардың барлығын алып тастады. Бірақ ішетін дәрілерім көбейді", - дейді Тихомиров.
Қазіргі кезде Қарағанды облысында жүрек алмастыру кезегінде 16 адам тіркелген. Жүрек трансплантациясы науқастың жүрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысында белгіленеді. Мұндай дертке артериялық гипертензия, миокард қабыну аурулары, инфекциядан кейінгі асқыну салдары себеп болуы мүмкін. Бірақ донор табу қиын. Орган 40 жасқа дейінгі адамдардан ғана алынады. Ол биологиялық тұрғыда жаңа ағзаның көптеген параметрімен сәйкес келуі тиіс. Әйтпесе, жаңа ағза оны қабылдамай қоюы мүмкін.
Кардиолог Алексей Бокачтың айтуынша, жаңа жүрек салынғаннан кейін емделуші күйзеліссіз, жаман әдеттерден аулақ болып, барлық талапты сақтаса, 15 жыл өмір сүруі мүмкін.
"Әйтпесе, орташа 8-10 жылға дейін жетеді. Донор тапшылығы өте өзекті. Әсіресе діни және тәрбиелік тұрғыда бұған дайын емес адамдар көп. Еуропада мотоцикл сатып алу үшін өзіңді донорға беруге келісуің керек. Бізге де осындай талаптар қажет. Әйтпесе, органға деген тапшылық кезекте тұрғандардан 10-20 есе көп", - деп атап өтті Бокач.
Жаңа жүрек ағзаға үйренуі үшін иммунитетті төмендететін дәріні өмір бойы ішіп отырады. Бұл кезде кез келген тұмаудың өзі қауіпті болуы мүмкін. Сонымен бірге науқас онкологиялық ауруға шалдығу қаупі жоғары адамдардың санатына кіреді.
Жаңалықтар
0