Резервтегі қызмет: министр армияның мұндай түрі не үшін қажет екенін түсіндірді

© Sputnik/Ертай СарбасовАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.11.2023
Жазылу
2025 жылы Қазақстанда резервтегі қызмет құрылады, бастапқы кезеңде оған екі мыңға жуық резервисті шақыру жоспарлануда
АСТАНА, 15 қараша – Sputnik. Парламент мәжілісі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың айтуынша, заң мемлекетіміздің мобилизациялық дайындығын жетілдіруге бағытталған.
"Әлемде экономикасы дамыған бірде бір жетекші мемлекет толық жинақты армияны ұстай алмайды. Себебі бұл өте қымбат. Резервтегі қызмет туралы заң бірнеше елде – Ресей, Франция, Италия, Беларусь және тағы басқа мемлекеттерде бар", - деді Жақсылықов мәжіліс отырысында.
Айтуынша, қорғаныс министрлігі резервтегі қызметті 2025 жылы құруды жоспарлап отыр. Бұл үшін барлық әлеуметтік-тұрмыстық, заңнамалық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін шешу қажет.
Алғашқы кезеңде 2 мыңға жуық резервисті шақыру жоспарланған.
"2000 – бұл, ең алдымен, салалық мамандар. Осы екі мың адамға жылына 3,5 млрд теңге қажет. Бұл сома 2025 жылға республикалық бюджетте қолдау тапты. Жүйені жолға қойғаннан кейін біз бұл соманы ұлғайтамыз. Оны бюджетке енгіземіз", - деді қорғаныс министрі.
Жақсылықов келісімшарт ерікті түрде үш жылға жасалатынын атап өтті. Даярлық бір жылда екі айдан аспайды. Жиын 30 күн, сабақ ай сайын екі-үш күн болады.
"Оған қаражат республикалық бюджет есебінен бөлінеді. Осы санаттағы адамдарға ай сайын ең төмен жалақы, жиын кезінде орташа жалақы төлеу жоспарлануда. Әскери резервтегі адам қызмет еткен кезде жұмыс орны (лауазымы) сақталады", - деді қорғаныс министрі.
Министрдің айтуынша, бұл қызметті енгізу бейбіт уақытта әскер санын арттырмай, қойылған міндетті орындауға дайын азаматтар санын даярлауға мүмкіндік береді.
Заңды қабылдау әлеуметтік тұрғыдан тиімді:
резервке қызметке кірген азаматтың кірісі артады, мемлекет тарапынан көмекке жүгіну төмендейді;
халықтың мемлекетке, Қарулы күштерге деген сенімі артады;
әскери резервтегі адам қазақстандық патриотизм рухында тәрбие алады.
Парламент мәжілісі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Жаңалықтар
0