"Аңсаған сәби" бағдарламасы 2030 жылға дейін ұзартылды

© Photo : Harald_LandsrathНоворожденный
Новорожденный - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.11.2023
Жазылу
Қазақстанда соңғы екі жылда экстракорпоралды ұрықтану арқылы 10 мың бала өмірге келді
АЛМАТЫ, 10 қараша – Sputnik. Қазақстанда "Аңсаған сәби" бағдарламасы 2030 жылға дейін ұзартылады, деп хабарлайды Қазақстан репродуктивтік медицина қауымдастығы.
Алматыда "Бедеулікті емдеудің заманауи жолдары. Бүгінгі және болашақ қосалқы репродуктивтік технологиялар" тақырыбында Қазақстан репродуктологиялық медицина қауымдастығының XV халықаралық конгресі өтіп жатыр.
Ресми статистика бойынша қазақстандық әр алтыншы отбасы бедеуліктен зардап шегеді. Оған экологияның нашар болуы, әйел мен еркек денсаулығының төмендігі себеп болып отыр. Сондықтан да қазір экстракорпоралды ұрықтану әдісіне сүйенетіндердің саны артып барады.
"2021-2023 жылдар аралығында 21 000 отбасына экстракорпоралды ұрықтану әдісі қолданылып, 10 000-нан астам бала дүниеге келді. Бұл үлкен көрсеткіш. Енді "Аңсаған сәби" бағдарламасы 2030 жылға дейін ұзартылатын болды. Біз жыл сайын міндетті медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен 7000 жасанды ұрықтануды жасауды әрі қарай жалғастырамыз. Яғни, алдағы жеті жылда 49 000 бедеулікке шалдыққан отбасы аталған бағдарламаға қатысып, ата-ана атануына мүмкіндік бар" - деді халықаралық конгресте Қазақстан репродуктологиялық медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин.
Биылғы конгресс Қазақстан репродуктологиялық медицина қауымдастығының құрылғанына 15 жыл толуына орай өткізіліп отыр. Жиында соңғы он бес жылда елімізде репродуктивті медицина деңгейінің даму қарқыны, әлемдік жаңа технологияларды елімізге әкелу сияқты мәселелер талқыланды. Осыдан он жыл бұрын қолданылған әдістер бүгінде түрленіп, жаңа технологиялар енгізілді.
Ауыз толтырып айтарлық жетістік – жасанды интеллект. Яғни эмбриоскоп таймлапс режимінде сау эмбрионды таңдап, оның даму жағдайын бақылап отырады. Әр 5-10 минут сайын эмбрионды суретке түсіріп, дәрігерге оның әр өзгерісі туралы ақпарат беріп тұрады.
Генетик Марат Отарбаевтың айтуынша, мұндай жасанды интеллект эмбриолог, генетик мамандарға үлкен көмегін тигізіп отыр.
"Жасанды интеллект эмбрионды жатыр қуысына енгізбес бұрын, бес күн ғана толған эмбрионға диагностика жасап, тұқым қуалайтын аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Осындай жаңа технологияларды енгізу, басқа елдің тәжірбиесіне үңілу, оларды біздің елге енгізуде бүгінгідей халықаралық конгресстің пайдасы зор", - дейді генетик Марат Отарбаев.
Жаңалықтар
0