Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетті

© Sputnik / Болат ШайхиновАрхивное фото флагов России и Казахстана
Архивное фото флагов России и Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.11.2023
Жазылу
Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік үлесі бар 42 мыңнан астам кәсіпорынның жартысына жуығы, яғни 19 мыңы – ресейлік компаниялар
АЛМАТЫ, 9 қараша - Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында Қазақстан мен Ресейдің барлық бағыттағы ықпалдастығының табысты дамып келе жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорда.
Қостанайда өтіп жатқан форумға Қазақсатн мен Ресей президенттері бейнебайланыс режимінде қатысты.
Тоқаев өңіраралық ынтымақтастық форумы 20 жыл ішінде екі елдің өзара тиімді стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор үлес қосып, өзінің маңыздылығы мен тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Президент бұдан бөлек Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономика, инвестиция салаларындағы және өнеркәсіптік кооперациядағы ықпалдастығы жылдан-жылға тұрақты түрде артып келе жатқанын айтты.
Бүгінде екіжақты тауар айналымы 27 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ресейден тікелей тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік үлесі бар 42 мыңнан астам кәсіпорынның жартысына жуығы, яғни 19 мыңы – ресейлік компаниялар. Екі ел экономиканың барлық саласында тығыз қарым-қатынас жасайды.
Тоқаев энергетика бағытындағы ынтымақтастық деңгейі артып келе жатқанына жеке тоқталып өтті.
"Жақында Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасының іске қосылуы айтулы оқиға болды. Бұл жоба Орталық Азияның өңірлік тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда шешуші рөл атқарады",- деді ол.
Тоқаев атап өткендей, "Татнефть" компаниясымен бірге қуаты жылына 340 мың тоннаға дейін бутадиен өндіретін Қазақстан-Ресей зауытының құрылысы басталды. Полиэтилен шығаратын кәсіпорын салуға қатысты келіссөздер аяқталды.
2019 жылдан бастап Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде бұл бағдарлама бойынша құны 3,2 миллиард доллар болатын 30 жоба іске асырылды. Жалпы көлемі 27 миллиард доллардан асатын тағы 60-қа жуық жоба жүзеге асырылуда немесе пысықталуда.
"Мұның бәрі Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктес әрі одақтас екенін айқын көрсетеді", - деді Тоқаев.
Президент агроөнеркәсіп кешені саласындағы сауда мен өзара тиімді кооперацияны кеңейту үшін зор мүмкіндік бар екеніне тоқталды.Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей ауыл шаруашылығы өнімінің ірі өндірушісі саналады және астық экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың ондығына кіреді. Сондай-ақ әлемдегі егістік алқаптарының шамамен 10 пайызы, жайылымдық және шабындық жерлердің 9 пайызы осы екі мемлекетке тиесілі.
"Қазақстанда соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2 еседен астам ұлғайды. Аталған саладағы өнім экспорты екі есе артып, 6 миллиард долларға жуықтады. Бүгінде бұл бағыттағы өнімдеріміз әлемнің 80 еліне жеткізіледі. Былтыр Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексінде Қазақстан 113 елдің ішінде 32-ші орынды иеленді. Осылайша, біз агроөнеркәсіп кешенін дәйекті түрде дамытып отырмыз. Бүгінгі форумда елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тең құқылы және бір-бірінің мүддесін ескеру қағидаттары негізінде ортақ келісімге келе отырып, жаңа тәсілдер әзірленетініне сенімдімін, – деді Қазақстан президенті.

Қандай өзекті мәселелерге назар аударылды

Мемлекет басшысы форумға қатысушылардың назарын бірқатар өзекті мәселеге аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Қазақстанның аграрлық секторын индустрияландыру мәселесіне тоқталып, үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндеті жүктелгенін айтты.
Бұл міндетті орындау үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортқа тәуелділігін төмендетуге бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырыла бастады. Алдағы жылдары 115 тауарлы сүт фермасы салынады. Бұл сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жылына 120 мың тоннадан астам ет өндіретін 15 ірі құс фабрикасын пайдалануға береміз. Алдағы бес жылда Қазақстанның агросекторында жалпы сомасы 2,7 триллион теңге болатын 900-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Озық халықаралық стандарттарға, соның ішінде "Халал" стандартына сай әрі бәсекеге қабілетті, экологиялық таза және экспортқа бағдарланған өнім шығаруға баса мән беріледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп және экспорт әлеуетінің толыққанды пайдаланылмауына көп жағдайда көлік-логистика саласындағы шектеулер әсер етеді деген пікір айтты. Мысалы, логистика және қойма жүйесінің тапшылығына байланысты Қазақстан мен Ресейде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығыны 40 пайызға жуықтайды.
"Қазақстан жуық арада климаттық бақылау жүйесі бар өнім сақтау қоймаларының сыйымдылығын 1 миллион тоннаға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бізде Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс елдері сияқты келешегі зор өнім өткізу нарықтары бар. Олардың азық-түлікке сұранысы ұлғая түскенін ескерсек, "Солтүстік – Оңүстік" көлік дәлізінің де рөлі күшейеді", - деп атап өтті Тоқаев.
Оның айтуынша, Орталық Азия арқылы логистиканың жаңа бағыттарын дамыту және Қытаймен арадағы қазіргі көлік бағдарларының жүк өткізу мүмкіндігін арттыру ықпалдастықтың басым бағыттарының бірі бола алады. Осыған байланысты Каспий теңізіндегі Құрық және Ақтау порттарына ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қытай бағытында "Достық – Мойынты" теміржол учаскесінің екінші жолын салу жобасын жүзеге асыруға кірістік. Жалпы, Қазақстанда алдағы үш жылда 1,3 мың шақырымнан астам теміржол салынады.
Президент заманауи аграрлық ғылымды дамыту және агроөнеркәсіп кешеніне инновацияны белсенді түрде енгізу ісін ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты ретінде атады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен агроинновация орталықтарын құруды ұсынды. Олар жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні коммерцияландырумен және өндіріске енгізумен айналысар еді.
Жаңалықтар
0