"Жалдап тұрғанымыз артық еді": Есік тұрғындары суықта жылусыз отыр

© Sputnik / Мария ДевахинаАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.11.2023
Жазылу
Құжат реттелмегендіктен тоқ пен судың ақысы төленбей қалып, оның қарызы өсіп жатыр
АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. Алматы облысының Есік Қаласында "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы арқылы үй алғандар суықта жылусыз, түнде жарықсыз отыруға мәжбүр, деп хабарлады Almaty.tv.
5 қабатты үйлерде бүгінде көпбалалы және жалғызбасты аналар, әл-ауқаты төмен отбасылар мен мүгедектер тұрады. Көбі жалдамалы баспана кезегін 10 жылдан астам уақыт күтіп, биыл тамыздың аяғында кілтін алған. Халық сол кездегі қуаныш бүгінде су сепкендей басылды дейді. Себебі қыс таяған шақта үйде жылу бірде болса, бірде жоқ.
Тұрғындар құжат реттелмегендіктен тоқ пен судың ақысын да төлей алмай, оның да қарызы өсіп жатыр дейді.
"Бәрін есептегенде 60-80 мың теңге шығып тұр. Оны біз қалай төлейміз? "Үй алды" деген атымыз ғана бар. Екі есе шығын төлегенше жалдамалы пәтерде тұрғанымыз артық еді", – деді Есік тұрғыны Эльвира Рахымбаева.
"Қарызсыңдар" деп мекемеден кісі келгенде халық біраз шулап, жарықты қайта қосқан екен. Алайда мұнымен мәселе толық шешілмеді дейді жұрт. Тұрғын үйге газ тартылмаған соң, әкімдік дизель жағып амалдайды.
Тұрғындардың мәселесінен билік өкілдері хабардар. Халық бірнеше мәрте оларға жүгініпті, алайда нәтиже мардымсыз. Жергілікті әкімдік қызметкері осыдан 3 жыл бұрын үйдің жобасы жасалғанда газ тарту жоспары қарастырылмаған еді дейді. Бірақ бүгін көгілдір отынға қосу жұмысын жүргізіп жатқанын айтты. Тіпті жылу бүгін-ертең беріледі, құжат мәселесі де жуырда шешіледі деп сендірді.
"Қазіргі уақытта үйдің құжаттарын ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы аптаның соңында дайын болады. Ал газ бүгін-ертең беріледі. Құжат қалай дайын болады, жарық мәселесі де белгілі болады", – деп түсіндірді Еңбекшіқазақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Медет Жанәбілов.
Әкімдік құжат реттелсе, 3 миллион теңге қарыз болатындай жарықты кім қолданғанын анықтаймыз, ағаттық бізден болса, шығынды өзіміз төлейміз деді.
Алайда бұл уәжге көптің күдігі көп. Мәселе аудан деңгейінде шешім таппаса облысқа, қажет болса, үкіметке жүгінбек.
Жаңалықтар
0