Петропавлда кәріз құбырының жарылуына байланысты төтенше жағдай режимі енгізіледі

© Sputnik / РИА Новости / Медиабанкке өтуКәріз
Кәріз - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.11.2023
Жазылу
ПЕТРОПАВЛ, 8 қараша – Sputnik. Петропавлда кәріз құбырының жарылуына байланысты техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қала әкімі Серік Мұхамедиевтің айтуынша, 7 қарашада Жуков және Назарбаев көшелерінің аумағында диаметрі 800 миллиметрлік кәріз коллекторы зақымданған.
"Бұл коллектор 1956 жылы салынған, 19-шы, 20-шы ықшамауданнан, Жұмысшылар елді мекенінен, "Береке" шағын ауданынан, вокзал маңы аумағынан, сондай-ақ Нефтепроводная көшесіндегі өндірістік аймақтан сарқынды суларды жинайды. Қазір коллектор жұмыс істеп тұр. Бірақ қатты тозғандықтан зақымдану жағдайлары жиілеп кетті. Коллектордың толық тоқтап қалуына жол бермеу үшін жедел жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет", - деп түсіндірді әкім.
Қала әкімдігі коллекторды жедел жөндеу үшін жергілікті ауқымда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. Құжат қазір нормативтік құқықтық актілер порталында қаралуда.
"Төтенше жағдай 9 қарашадан бастап енгізіледі. Біз аталған учаскені жедел жөндейміз. Бұл 700 метр кәріз құбыры. Коллекторға тексеріс жүргізілді, "Қызылжар су" ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын бастап жатыр", - деп толықтырды Серік Мұхамедиев.
Сондай-ақ ол петропавлдықтардан жағдайға түсіністікпен қарауды сұрады.
"Алаңдауға негіз жоқ, жұмыс штаттық режимде жүргізіледі. Түсіністікпен қарауды сұраймыз. Бұл мәселе облыс әкімі мен қала басшылығының бақылауында", - деп түйіндеді әкім.
Айта кетері, қазан айында Петропавлда басқа бір коллекторда ірі апат болды – кәріз суы көпқабатты үйлердің жертөлелерін басып қалды.
Абай көшесінде диаметрі 800 миллиметрлік коллектор опырылып түсті. Жөндеу жұмыстары әлі аяқталмады.
Сол кезде "Қызылжар су" ЖШС кәсіпорны су бұру кешенінің басшысы Вячеслав Визеров коллектордың 1966 жылы салынғанын хабарлады. Оның нормативті қызмет ету мерзімі – 25 жыл. Яғни, бұл коллектор 30 жылдан астам уақыт нормадан жоғары жұмыс істеген.
Жаңалықтар
0