Депутаттар "Отбасылық капитал" бағдарламасын іске қосуды ұсынды

© Sputnik / Владислав ВодневДети играют на прогулке
Дети играют на прогулке - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.11.2023
Жазылу
"Отбасылық капитал" жүйесін енгізу елімізде халық санын айтарлықтай арттырады
АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. "Қазақстан Халық партиясы" фракциясының депутаттары 2 млн 300 мың теңге мөлшерінде "Отбасылық капитал" бағдарламасын іске қосуды ұсынады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжіліс депутаты, "Қазақстан Халық партиясы" фракциясының мүшесі Гаухар Танашеваның ақпаратынша, елімізде 550 мың көпбалалы және 107 мың ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасы бар. Олардың жартысынан көбі – баспанасыз. Ал ерекше балаларға ерекше жағдай керек.
"Демографияны көтеріп жатқан көпбалалы отбасылардың біразы кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Халық саны туралы мәліметтерді салыстыра отырып, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері халық саны 16 миллионнан 20 миллионға, яғни 32 жылда 4 миллионға ғана өсті", - дейді Танашева премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.
Депутат "демографиялық саясатты жүзеге асыруға, оның ішінде отбасыларға қаржылық қолдау көрсетуге күш салып жатқан көршілес Ресей мен Беларусьтің тәжірибесіне" назар аударды.
Мысалы, Ресейде 2007 жылдан бері жұмыс істейтін "Аналық капитал" бағдарламасы бар. Осы бағдарламаға сәйкес, бала туған кезде отбасы 587 мың рубль немесе 3 млн теңге көмек алады. Беларусьте 2015 жылдан бастап енгізілген “Отбасылық капитал” бағдарламасы бойынша үшінші немесе одан кейінгі балалар туған, асырап алған кезде отбасыларға 10 мың доллар, яғни 4 млн 650 мың теңге қолма-қол ақша беріледі.
"Мұндай бастаманы енгізу ресейлік және беларусьтік отбасыларға қолдау көрсетіп қана қоймай, осы елдердегі туу көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік берді. Отбасылар бағдарламаның қаражатын тұрмыстық жағдайларын жақсартуға және басқа қажеттіліктеріне жұмсады. Біздің ойымызша, бұл механизм тиімді және іс жүзінде өзінің нәтижесін көрсетті. Бірақ мұндай жүйені енгізу мүмкіндігі басқа елдердің оң тәжірибесіне қарамастан Қазақстанда әлі қарастырылмаған", - дейді Танашева.
Осыған байланысты "Қазақстан Халық партиясы" фракциясының депутаттары отбасында төртінші бала туғанда немесе отбасында ерекше бала болса 5 000 доллар, яғни 2 млн 300 мың теңге мөлшерінде "Отбасылық капитал" бағдарламасын іске қосуды ұсынды.
"Бұл капиталды үш бағытта жұмсау жоспарланады. Біріншісі, үйсіз жүрген отбасыларымызда баспаналы болу мүмкіндігі пайда болады. Екіншісі, білім ала алмай жүрген көпбалалы отбасынан шыққан балалардың арманы орындалады. Үшіншіден, бұл қаражатты отбасылар балаларының денсаулығын жақсартуға қолдана алады", - деді мәжіліс депутаты.
Танашеваның пікірінше, "Отбасылық капитал" жүйесін енгізу елімізде халық санын айтарлықтай арттырады және қиын жағдайға тап болған отбасыларға қай жағынан болса да нақты көмек болады.
Жаңалықтар
0