Қонаевта елді мекендер шекарасы өзгереді – әкімдік мәлімдеме жасады

© Sputnik/Ертай Сарбасов Қонаев қаласы
 Қонаев қаласы - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.11.2023
Жазылу
Заречный ауылдық округінің 9757 гектар жері "G4 city" жобасының құрамына енуі халықтың тұрмыс-тіршілігіне еш әсер етпейді
АЛМАТЫ, 2 қараша – Sputnik. Қонаев қаласында елді мекендер шекарасы өзгергенімен, халықтың тұрмыс-тіршілігіне әсер етпейді. Бұл туралы қала басшысы Нұрлан Құматаев айтты, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қонаев қаласының басшысы Нұрлан Құматаевтың айтуынша, Заречный ауылдық округінің (Заречный, Арна ауылдары) 9757 гектар жері "G4 city" жобасының құрамына енуіне байланысты тұрғындар негізсіз қауіптеніп отыр. Бұл өзгеріс халықтың тұрмыс-тіршілігіне еш әсер етпейді. Себебі тұрғындар бұрыңғыдай әлеуметтік және әкімшілік орталықта қызмет алады.
"Мұндай өзгерістер "G4 city" жобасын жүзеге асыру үшін жасалып отыр. Біз ауылдық округ тұрғындарына әлеуметтік және әкімшілік қызметтер көрсетуді ары қарай жалғастыра береміз. Оның үстіне, қазіргі таңда көптеген мемлекеттік қызметті электронды үкімет порталы арқылы алуға болады. Балаларды балабақшаға кезекке қою, мектепке оқуға беру – барлығы да электронды формада реттеледі. Ауыл халқының тыныс-тіршілігі үнемі назарда", - деді Нұрлан Құматаев.
Елді мекен халқы аурухана қызметінен айырылып қаламыз ба деп те үрейленген. Алайда бұл үрей негізсіз, дейді Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының директоры Айман Рақышева.
"Елді мекен жұрты Іле ауданы Өтеген батыр кентіндегі медициналық мекемеде ем қабылдайды деген пікір жаңсақ. Заречный ауылдық округінің тұрғындары біздің ауруханада емделеді. Сондай-ақ ауылда дәрігерлік амбулатория бар екенін естен шығармағанымыз жөн. Бізге жүгінген әр науқасқа толыққанды медициналық көмек көрсетіледі", - деді аурухана басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, 31 қазанда қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХІІІ сессиясы өтті. Жиында Қонаев қаласы мен Алматы облысындағы ауылдық округтердің шекарасын өзгерту туралы мәселе қаралды.
Жаңалықтар
0