Қазақстан мен Франция бірлескен декларацияға қол қойды

© Sputnik / Санат ИмангалиевМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция президенті Эмманюэль Макрон
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция президенті Эмманюэль Макрон - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.11.2023
Жазылу
Қазақстан мен Франция стратегиялық пайдалы қазбалар жөніндегі бірлескен декларацияға қол қойды
АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция президенті Эмманюэль Макрон екіжақты келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы президент Эмманюэль Макронмен мазмұнды келіссөз жүргізіп, екіжақты байланысты нығайту жөнінде нақты келісімдерге қол жеткізгеніне назар аударды.
"Франция – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесінің бірі. Биылғы сегіз ай ішінде сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға өсті. Яғни 2,7 миллиард долларға жетті", - деді Тоқаев.
Президент Франция негізгі шетелдік инвесторлардың қатарына кіретінін атап өтті. Соңғы 15 жылда Франциядан Қазақстанға 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция тартылды.
"Бүгінде біз энергетика, атом өнеркәсібі, тау-кен, химия, машина жасау, құрылыс заттарын өндіру, аэроғарыш және фармацевтика салаларында маңызды жобаларды жүзеге асырып келеміз. Елімізде Alstom, Total Energies, Orano, Vicat сияқты 170-тен астам француз компаниясының табысты жұмыс істеуі – соның айқын дәлелі", – деді президент.
Келіссөздер барысында сауда, экономика және инвестиция салаларындағы ықпалдастықтың ауқымын кеңейтуге баса мән беріліп, шикізат, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, жеңіл өнеркәсіп, денсаулық сақтау, инновация, қаржы және басқа да секторларда тың жобаларды қолға алу маңызды екені аталып өтті.
"Бұл, әсіресе, қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуал кезінде аса өзекті. Осы ретте Стратегиялық минералдар саласындағы ынтымақтастық ниеті туралы декларацияға қол қойылды. Сондай-ақ Boehringer Ingelheim, Total Energies, Alstom компанияларымен келісімдерге қол жеткіздік", – деді президент.
Сонымен қатар екіжақты келіссөздер барысында "жасыл" экономикаға көшуге және климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерге назар аударылған. Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронға екі елдің мүддесіне сай келетін бірқатар нақты ұсыныс айтқанын, еліміз Францияның "One Planet Summit" бастамасы аясында бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін нақтылағанын мәлімдеді.

Азық-түлік қауіпсіздігі және "жасыл" экономика

Бұған қоса, президенттер мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың маңызды екенін ескеріп, білім және ғылым бағыттарындағы жобаларды жүзеге асыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізген. Мемлекет басшысы француз мектептерін ашуға, француз тілін үйретуге, академиялық байланысты арттыруға бағытталған бірқатар келісімге қол қойылғанын айтты.
Екі ел басшылары аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, әлемдегі түрлі саяси шиеленістер мен түйткілдер бейбіт және дипломатиялық жолмен шешілуге тиіс деген байламға келген.
Ал Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін президентке алғыс айтып, екі елдің ынтымақтастығын одан әрі кеңейту қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан мен Францияның ұстанымдары көптеген мәселелерде сәйкес келетініне назар аударды.
"Сіздің еліңіздің рөлі мен географиялық орналасуы, сондай-ақ оның аумағының үлкендігі біз үшін өте маңызды. Сондықтан бүгін экономикалық ынтымақтастығымыз жан-жақты талқыланды. Бүгін қол қойылған құжаттар – осының айғағы", – деді Эмманюэль Макрон.
Франция президенті Қазақстанның әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
"Компанияларымыз бұл іске оң септігін тигізе алатынына сенімдімін. Біз нарықты нығайтуға үлес қоса аламыз. Бұл ретте аусылға қарсы вакцина өндірісі жобасын жүзеге асыру туралы маңызды келісімге қол қойылды. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында орнатылған серіктестіктің келешегі зор", – деді Франция президенті.

Қандай құжаттарға қол қойылды

Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Франция басшылары Бірлескен мәлімдеме жасады және екі елдің ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:
1.
Қазақстан Республикасының үкіметі мен Француз Республикасының үкіметі арасындағы Қазақстанда Француз даму агенттігі тобын құру және оның жұмыс істеуі туралы келісім;
2.
Қазақстан Республикасының үкіметі мен Француз Республикасының үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында халықаралық (француз) мектептер ашуға және Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында француз тілін оқытуға қатысты келісім;
3.
Франция мен Қазақстан арасындағы стратегиялық пайдалы қазбалар бойынша ынтымақтастық туралы бірлескен ниет декларациясы;
4.
"QazBioPharm "ҰХ" АҚ мен Boehringer Ingelheim Animal Health France компаниясы арасында Қазақстан Республикасында аусылға қарсы вакцинаны жергілікті өндіру бойынша ынтымақтастық, лицензия және жеткізу туралы келісім;
5.
Энергияны жинақтау жүйесі бар, жиынтық қуаты 1 ГВт жел электр станцияларын салу жобасы бойынша бірлескен кәсіпорын туралы келісім;
6.
"Қазақстан Республикасында теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрамды, сондай-ақ теміржол техникасының қосалқы бөлшектерін өндіру және оларға сервистік қызмет көрсету" жобасын іске асыру жөніндегі инвестициялар туралы келісім.
Жаңалықтар
0