Дерекқор

Қыз жасауының құны қанша

© Sputnik / Анатолий УстиненкоЧемпионат Азии по охоте с ловчими птицами
Чемпионат Азии по охоте с ловчими птицами - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.10.2023
Жазылу
Қыз бойжетпей тұрып, анасы жасауын қамдаған
АЛМАТЫ, 31 қазан – Sputnik. Заман өзгерсе де қаймағы бұзылмаған дәстүрдің бірі – қыз жасауы. Қазақтың бұл дәстүрінің жөні мен жоралғысы қандай? Sputnik Қазақстан тілшісі аға буын өкілдерінен салт-дәстүр туралы сұрап көрді.

Көсеге дегеніміз не?

Тәрбие басы – тал бесік. Әрбір ұлттың санасында қалыптасқан қасиет бар. Соның бірі – ұрпақ тәрбиесі. Әсіресе қыз тәрбиесіне қазақ ерекше мән берген. Ал қыз жасауы туралы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Оралхан Бөкейдің жиені Тоқтарбек Мағзұмовтан сұрап көрдік.
"Қыз 12 жасқа жеткенде әке-шешесі оң жақ босағасынан орын беріп, киім-кешек, көрпе жастығын жинап, шымылдықпен көлегейлеп қойған. Оны оң босағаға отырғызу дейді. Қыздың төсек-орнын "көсеге" дейді. Ер балаға кейбір кісі "көсегең көгерсін" деп жатады. Ол дұрыс емес. Көсеге –12 жасқа толған қыздың оң босағадағы, шымылдық артындағы төсек-орны. Осы жастан бастап қыз баланы болашақ өмірге дайындаған", - дейді Мағзұмов.
Қыз баланы кішкентайынан қиындық пен шыдамдылыққа да тәрбиелеген. Отауға шығарудың да өзіндік ырымы мен жөні бар. Қызды жеңгесі сол жасынан бастап үйдің тірлігін жасауға тәрбиелейді екен.

"Жетеуінде жинасаң жетеді"

Қыз бойжетпей тұрып, анасы жасауын қамдаған.
"Қазақта алтауында жинасаң аз, жетеуінде жинасаң жетеді" деген сөз бар. Жасауын кемінде жеті жыл жинапты. Ине-жіптен бастап, ыдыс-аяғы, астындағы аты мен киіз үйіне дейін берген. Ал киімдерін түгел тек жаңадан берген. Өйткені жаңа отауда жаңа киім болу керек", - дейді жазушы.
Қызға құда түскенде 47 бас мал қалың малын апарған. Сол 47 малға қыздың жасауы жасалған.
"47 дегеніміз – ұрғашы жылқыдан жеті жетіден апарған. Алты жасар биеден жетеу, жеті ұрғашы бесті, төрт жасар ұрғашы дөненнен жетеу, сөйтіп бір жасқа дейін барады. Аттың бір жасынан жетіден есептегенде және буаз биенің ішіндегі құлынды қосып есептегенде 42 болады. Іштегі құлынды "Бүкпе" дейді. Енді қалған бес малды былай тарқатады. Құда сырға салғанда қыздың әкесіне ат мінгізеді, "құдалығымды шегелеп қайттым деп "шеге ат" деп атаған. Той малына, өлі-тірісіне бір-бір малдан берген. Күйеу бала қайын жұртына барғанда бір ат байлаған. Оны "түс ат" деп атаған", - дейді Тоқтарбек Мағзұмов.

47 малды ақшаға шағып, қыздың төркіні жасауын жасаған

"Осы 47 малды ақшаға шаққанда 10 млн болады екен. Екі құданың ортасындағы айырмашылық тек босаға кәдеде. Келінді алып қайтқанда босағаға кілем іліп кетеді, кейбіреу шапан іледі. Сонда қалың мал берген жақ пен жасау жасаған жақтың ортасындағы айырмашылық осы босаға кәдеде ғана. Ол он миллионға киіз үйіне дейін тең-тең етіп жүк артып, жасауын жасаған. Бұл байлардың арасындағы құдалық", - дейді Оралхан Бөкейдің жиені.
Национальный мужской головной убор бөрік - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.10.2021
Дерекқор
Ер де, әйел де киген: бөрік туралы не білеміз
Қыз жасауына пышақ пен қара қазан жасамаған деген де ырым бар. Пышақты жасаған күннің өзінде келін түсірген жақ ақшасын беріп, сатып алған. Ал қазанды жасағанда ішіне тағам салған екен. Өйткені қара қазанның қасиеті бар, іші бос болмау керек екен.
"Бай мен бай құда болса арада жорға жүреді, кедей мен кедей құда болса ортада дорба жүреді. Бай мен кедей құда болса қырылысып зорға жүреді" деген сөз бекер тарамаған. Ал тұрмысы төмендеу адамдар құда болса 47-нің орнына ірі қара емес, аша тұяқты ұсақ мал да қалың мал ретінде жасалған. "Қыздан алғанды қынға жақ" деп бекер айтпаған. Қызға берілген қалың малдан төркініне еш қайыр жоқ", - дейді жазушы Тоқтарбек Мағзұмов.
Қазіргі заманның құдалығында болған жазушы қызық оқиғасымен бөлісті.
"Бір құдалықта қыз берген жақ 47 қайда деп сұрады. Әрине ол кісілердікі дұрыс. Бірақ 47 ірі қара қалың мал берілген жоқ. Қазіргі заманда қалың малды әркім шама-шарқына қарай береді. Бірақ кезіндегі қазақ 47-ні алғанда қызының отауы, яғни киіз үйімен берген. Қыз берген жаққа айттық: "Жарайды, 47-сін әкелеміз. Бірақ бір бөлмелі пәтерін берсін" деп. Қазіргі күні бір ірі қараны 500 мыңнан есептесек қалың малға 20 миллионнан астам ақша кетеді. Демек 47-ні талап еткен адам бұрыңғының киіз үйі, қазіргінің пәтерін жасау етіп жасау керек деп пайымдаймыз. Қыз ұзатқан жақ бір нәрсені ескеру керек. Ол ең бірінші – тәрбие. Қызының жоғарғы білімі бар ма, пысық па, отбасылы өмірге шыдайтын шыдамды, сабырлы ма, ең бастысы тәрбиелі ме, міне осыны басты назарда ұстау керек", - дейді Тоқтарбек Мағзұмов.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.10.2021
Дерекқор
Қазақтың қыз-келіншектері қандай әшекей бұйымдарды таққан
Жаңалықтар
0