Сот науқастарды қинаған студентке қатысты үкім шығарды

© Sputnik / Айсулу ЖумагуловаСудебное заседание, архивное фото
Судебное заседание, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.10.2023
Жазылу
Ол өліммен арпалысып жатқандардың басына пакет кигізген, одан қалса, жерге жатқызып тепкен
АСТАНА, 30 қазан – Sputnik. Астанада айықпас дертке шалдыққан науқастарды қорлаған студенттің ісі бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тергеу материалдарына сәйкес, оңалту орталығының санитары дәрменсіз күйдегі үш пациентті қинағаны үшін жауапқа тартылды. Жас жігіт хосписте санитар және оңалту орталығында жаттығу терапиясының нұсқаушысы болып жұмыс істеп жүргенде физикалық жаттығулар кезінде егде жастағы және кәмелетке толмаған науқастарды жүйелі түрде ұрып-соғып, азаптаған. Оның кінәсі бейнежазбалармен, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді.
Прокурор студент жігітті 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал қорғаушы тарап бас бостандығынан айырмауды өтінді. Судья жас санитарды 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Бұдан бөлек, ол жәбірленушілердің пайдасына 2 млн теңге көлемінде моральдық шығынды өтеп беруге міндеттелді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Нәжісті жеуге мәжбүрледі

Адам нанғысыз сұмдық жағдай жергілікті хосписта болған. Онда тағдырынан теперіш көріп айықпас дертпен күресіп жатқан науқастар жатады. Сол жерде тағылымдамадан өткен студент жігіт пациенттерді басынан ұрған, қолымен нұқыған, ең сорақысы, мүгедектердің жөргектерін ашып, ондағы нәжісті жеуге мәжбүрлеген.
Өліммен арпалысып жатқандардың басына пакет кигізген, одан қалса, жерге жатқызып тепкен. Соның бәрін видеоға түсіріп, жора-жолдастары отыратын арнайы чатқа жіберіп отырыпты.
Ал достары байбалам салудың орнына, керісінше қолдап-қолпаштап, әлеуметтік желіге таратып жіберген.
Хоспис басшылығы желіде желдей ескен видеодан кейін дәрігерсымақты бірден жұмыстан шығарып жіберіпті. 21 жастағы студент кішіпейіл болып көрінген, науқастардың іші-бауырына кіріп тұрған.
Палеативті орталықтан оңай құтылған студент-дәрігер озбырлығын басқа клиникада жалғастырған. Мұнда да тағдыры онсыз да маңдайынан сипамаған балаларды ұрып-соққан. Тіпті сексуалдық сипаттағы қорлық көрсетіпті.
10 отбасы студенттің үстінен шағым түсірген. Бірақ сот отырыстары бір жылға созылып кетті. Осы уақыт ішінде дерті дендеген бесеуі о дүниелік болған.
Жаңалықтар
0