Қазақстанның Шыңжаңмен тауар айналымы жарты жылда 87 пайызға өсті
© Photo : Пресс-служба президента КазахстанаТоқаев Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Жазылу
Президент Қазақстан аймаққа жеткізілетін өнім түрлерін ұлғайтуға дайын екенін атап өтті
АСТАНА, 19 қазан – Sputnik. Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының жалпы көлемі бойынша Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының үлесі 40 пайыздан асады. Бұл ретте еліміздің Шыңжаңмен тауар айналымы биылғы жартыжылдықта 87 пайызға өсіп, 8,5 миллиард долларды құрады.
Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесуінде айтты, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты көптеген бағыт бойынша Қазақстанның Шыңжаңмен арадағы қарым-қатынастарының нәтижелерін жоғары бағалады.
"Қазақстанның Шыңжаңмен өзара сауда-саттық мәселесінде өңірлік ынтымақтастықтың қолданыстағы механизмдерінің мәні зор. Менің ойымша, оларды дұрыс пайдалана білсек, айтарлықтай ілгерілеуге болады", - деп атап өтті ол.
Президент Қазақстан аймаққа жеткізілетін өнім түрлерін ұлғайтуға дайын екенін атап өтті. Атап айтқанда, металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, тамақ өнімдерін, сондай-ақ құрылыс материалдарын экспорттауға мүмкіндік бар.
"Ал агроөнеркәсіп және азық-түлік секторындағы ықпалдастыққа келер болсақ, бұл бағыттағы әлеуетіміз зор. Қазақстан Қытай нарығына экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты жеткізе алады", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелін салудың маңыздылығына назар аударды. Президент осы жобаны іске асыруға жақын арада кірісуге болады деп есептейді.
© Photo : Пресс-служба президента КазахстанаТоқаев Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті
Тоқаев Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Сауда-экономикалық байланыстардан бөлек, су саласындағы ынтымақтастықты дамытудың және трансшекаралық өзендерді пайдаланудың маңызды екені атап өтілді.
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласына айрықша тоқталды.
"Туризм саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. Қазақстанның бұл бағыттағы мол әлеуетін ескере отырып, жақында Туризм және спорт министрлігін құрдым. Біз Қазақстанға саяхаттайтын қытайлық туристер саны артады деп үміттенеміз", - деп атап өтті президент.
Ол Қытайда келесі жыл қазақ туризмінің жылы болып жарияланғанын еске салды.
"Әрине, біз отандастарымыздың сіздің елмен және оның әсем табиғатымен, әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен танысуы үшін Қытайға саяхаттап баруын қолдаймыз", – деп толықтырды мемлекет басшысы.
Ал Ма Синжуй "Бір белдеу, бір жол" форумында көтерілген бастамалардың мәні зор екенін айтты.
"Біз ауыл шаруашылығы, трансшекаралық сауда, энергетика салаларына баса мән бере отырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтамыз", - деп мәлімдеді ол.
Сонымен қатар өңір басшысы ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және кәсіпорындар арасындағы қарым-қатынасты жолға қоюға уәде етті.
Ма Синжуй Қазақстан президентінің Шыңжаңға сапарын тарихи оқиға ретінде бағалап, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының басшылығы біздің елмен арадағы ынтымақтастықты кеңейтуге және тұрақты байланысты сақтауға мүдделі екенін жеткізді.