Тоқаев ТМД арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды

© Sputnik / Сергей Субботин / Медиабанкке өтуТранспортный коридор "Север - Юг"
Транспортный коридор Север - Юг - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.10.2023
Жазылу
Қазақстанның сауда айналымы 7 айда 4,5 пайызға өсіп, 20,5 миллиард долларды құрады.
АСТАНА, 13 қазан – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев туындайтын сын-қатерлерді еңсеруге, табысты ынтымақтастықты нығайту үшін жаңа салаларды іздеуге бағытталған ТМД форматындағы белсенді ықпалдастықты жалғастыруға шақырды, деп хабарлайды Ақорда.
Оның айтуынша, тығыз сауда-экономикалық байланыстарды дамыту негізгі міндет болып қала бермек.
"Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымының төрттен бірінен астамы ТМД мемлекеттерімен жасалды. Бұл оң динамика биыл да сақталып отыр. Қазақстанның сауда айналымы 7 айда 4,5 пайызға өсіп, 20,5 миллиард долларды құрады. Біз сауда байланыстарын одан әрі нығайту үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалануымыз қажет, – деді Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында.
Мемлекет басшысының пікірінше, сауда кедергілерін жоюға, қолайлы тарифтік жағдай жасауға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге баса мән беру қажет.
Сонымен қатар президент ТМД кеңістігіндегі көлік дәліздерін дамыту маңызды екеніне назар аударды.
"Біз өзіміздің бірегей географиялық артықшылығымызды пайдаланып, жаһандық нарықтарды ұштастыруымыз керек. Осылайша, аймағымызды ірі көлік-логистикалық хабқа айналдырамыз. Әлемде жаңа экономикалық география қалыптасып, сауда ағындары ұлғая түскен қазіргі жағдайда бұл бағыт стратегиялық маңызға ие болады", - деді президент.
Ол жиын барысында Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық-транзиттік тасымалдың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтетінін еске салды.
"Біз Транскаспий көлік бағытын, "Солтүстік – Оңтүстік" дәлізін одан әрі дамытуға, сондай-ақ "Қазақстан – Түрікменстан – Иран" теміржолының мүмкіндіктерін толыққанды пайдалануға айрықша мән береміз. Қазақстан "Достық – Мойынты", "Бақты – Аягөз", "Дарбаза – Мақтаарал" теміржол жобаларын тезірек іске асыруды көздейді", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы елдеріміздің транзиттік әлеуетін нығайту үшін қазіргі қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртып, әкімшілік рәсімдерді қысқарту және интеграцияланған логистикалық, соның ішінде цифрлық шешімдерді енгізу шараларының маңызды екеніне арнайы тоқталды.
Президент ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл құжат Еуразия кеңістігіндегі Достастық елдерінің мүдделерін ескеретін жаңа транзиттік-логистикалық кодқа айналады.
Жаңалықтар
0