Жасанды интеллект туралы стратегиялық құжат қабылданады

© Sputnik / Владимир Трефилов / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.10.2023
Жазылу
Президент халықаралық компанияларды Қазақстан нарығына келуге ынталандыру үшін жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеуді тапсырды
АСТАНА, 12 қазан – Sputnik. Қазақстан жасанды интеллектінің қолдану аясын айқындайтын стратегиялық құжат қабылдайды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жасанды интеллектіні қолдану аясын және оны дамытудың міндеттері мен құралдарын айқындайтын стратегиялық құжат қабылдау керек. Бұл – халықаралық озық тәжірибе. Мұндай қадам елімізді технологиялық тұрғыда дамытудың орнықты бағытын айқындауға мүмкіндік береді", - деді президент Digital Bridge 2023 форумының пленарлық отырысында.
Тоқаевтың пікірінше, ең алдымен жасанды интеллект технологиясын экономиканың мұнай-газ секторы, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларына енгізуге мән беру қажет.
"Жасанды интеллект қалаларымызды өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы әрі толыққанды ақылды қалаға (smart city) айналдыру процесін айтарлықтай дәрежеде оңтайландыра алады. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудың да маңызы зор. Бұл орайда біз елеулі нәтижеге қол жеткіздік", - деді мемлекет басшысы.
Атап айтқанда, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін "Отбасының цифрлық картасы" іске қосылды.
Тоқаев мұндай өнімді "Бәйтерек" холдингі базасында бизнес үшін де енгізу керек екенін айтты. Президенттің тапсырмасымен бұл бағытта ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстары басталып кеткен.
Сондай-ақ ол жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеуді тапсырды.
"Бүгінде 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдады. Біз озық әлемдік тәжірибеге сай келетін, нарықтың қажеттілігі мен азаматтардың мүддесін ескеретін, құқықтық тұрғыдан реттейтін заманауи база әзірлеу ісін жеделдетуіміз керек. Құқықтық шарттар халықаралық компаниялардың біздің нарыққа келуін ынталандыруы қажет. Ол үшін мүдделер тепе-теңдігін сақтап, ашық және әділ "ойын ережелерін" қалыптастырған жөн", - деп толықтырды Тоқаев.
Президент форумға қатысушылар осы саланы реттейтін негізгі құжаттарды, соның ішінде Цифрлық кодекс жобасын әзірлеуге үлес қоса алады деп үміттенетінін атап өтті.
Жаңалықтар
0